Атырауда ауыл тұрғындары ауыз суға жарымай отыр

Салауат Сүлейменов – Бөкейхан ауылының байырғы тұрғыны. Тіршілік нәрінен таршылық көрген зейнеткер ауласынан құдық қазып алған.

Айына екі рет Қиғаш өзенінен су құйдырып тұрады. Су таситын көліктер 4 тонна суды 3 мың теңгеге әкеледі екен. Амалы таусылған жұрт тазартылмаған су ішуге мәжбүр.

Салауат Сүлейменов, Бөкейхан ауылының тұрғыны:

- Осы – біздің бас ауруымыз. Бірнеше жылдан бері айтылып жатыр. Бірнеше мердігер компания келіп жатыр. Бірақ «анау үйлеспейді, мынау үйлеспейді» деген нәрселермен әлі су жүйесі қондырылмаған. Сондықтан біз бірнеше жылдан бері жағадан құдық салып алып, водовозбен су алдырамыз.

Бөкейхан ауылында 2 мыңға жуық тұрғын бар. Бәрі іргедегі Қиғаш өзенінен су алып ішіп отыр. Тазартылмаған тіршілік нәрін тұтынатын ауыл адамдары өз денсаулықтары үшін де алаңдайды. Ауыл тұрғындарын орталықтандырылған ауыз су жүйесіне қосу жоспары бойынша 2016 жылы жоба жасақталған. Бірақ кеткен қателіктердің кесірінен қазір оған толықтырулар енгізіліп жатыр.

Жүсіп Төреғалиев, Бөкейхан ауылының әкімі:

- Бізде 60 шақты үй жоспарға енбей қалды. Сол себепті қазір кері корректировка жасалып жатыр. Негізі, өздеріңіз білесіздер, су құбырын асфальт жоқ кезде салу керек еді. Қазір асфальти бізде бар. Сол себепті асфальттің екі жағынан екі труба жүргізу керек. Март-апрель айында жұмыстар басталады деп отырмыз.

Құрманғазы ауданындағы 49 елдімекеннің 47-сі орталықтандырылған ауыз су жүйесіне қосылған. Десе де ауданға қарасты 4 ауылда су сағаттап беріледі. Өйткені су тазарту стансасындағы құрылғылар әбден тозған. Жергілікті билік олқылықтың орнын толтыру үшін биыл жөндеу жұмыстарын қолға алыпты.

Шынболат Мусин, Құрманғазы аудандық ТҮКШ, жолаушылар көлігі және автокөлік жолдары бөлімінің басшысы:

- Ауданда су тазарту ғимараттарына биылғы қысқы, күзгі маусымға дайындық бойынша ағымдағы жөндеуге қаражат бөлінді. 18 су тазарту ғимаратына. 8 су тазарту ғимараты қазіргі уақытта аяқталып келеді. Қалғандарына жұмыстар жүріп жатыр. Жыл соңына дейін барлық су тазарту ғимараты ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізіліп, тұрғындарға сапалы су беріледі деп күтіп отырмыз.

Жергілікті билік тіршілік нәрінен таршылық көрген тұрғындарды мазалаған мәселе жуық арада шешіледі деп сендірді.

Авторлары: Асланбек Шығыр, Амантай Мәтенов, Жандос Рахметуллин