Түркістан облысында су қоймасы салынады

Ал, Түркістан облысындағы Ордабасы ауданында сыйымдылығы 60 миллион текше метрге жететін су қоймасы салынады.

Қазір Қызыл-Сеңгір мен Боралдай ауылының аралығында жобаны жүзеге асыру үшін зерделеу жұмыстары жүріп жатыр. Нысан құрылысы аяқталса аудан аумағындағы егіс алқаптары игеріліп, көрші аймақтарды да сумен қамтуға мүмкіндік туады. Алайда бұл игілікті іске жергілікті тұрғындар қарсы. Олар ірі құрылыстың пайдасынан зияны көп деп есептейді. Аймақтағы әріптесім Нұрсұлтан Мұхамеджан тақырыпты зерделеп көрді.

Биыл жазда ағын судан тарлық көрген Отырарлық диқандар, егістігін көктей солдырып алды. Қара жерге себілген дәнге нәр жетпегесін мыңдаған гектар егіс алқабы қурап кетті. Әсіресе Талапты, Қарғалы ауылының шаруалары қып-қызыл шығынға батты.

Бекжан Ибашев, диқан: 

- 12 млн шығын кетті осы жерге. Өзімнің қаржым бар. 8 млн кредит алғам. Қаншама техникаларға жұмыс істеткенбіз қарызға өнімнен береміз деп. Оның барлығын қайтып құтыламын мен енді. Қауынымыз мынау болды енді қурап жатыр.

Аграрлы аймақ саналатын Түркістан облысын толық ағын сумен қамтамасыз ету үшін су қоймасын салу жобасы ұсынылды. Ол үшін Боралдай өзеніне тоған қойып, Арыс суымен толтырмақ. Нәтижесінде Ордабасы, Отырар аудандары мен Түркістан, Кентау қалалары да ағын су азабынан құтылады. Осылай деген жауаптылар аумақты зерделеу жұмыстары аяқталуға жақын қалғанын мәлімдеді.

Нұрболат Бердімұратов,  аудандық Ауыл шаруашылығы және жер қатынастары бөлім басшысының орынбасары:

- «Проэкт А» ЖШС топографиялық түсірілім жұмыстарын жүргізіп жатыр. Осы жылдың соңына дейін қорытындысы шығады деген жоспар бар. Жалпы Ордабасы ауданында 34 мың 18 гектар суармалы жер бар. Жазғы шілде, маусым айларында су қорының аздығына байланысты 27 мың гектарға дейінгі жерлерде су тапшылығы орын алып отыр.

Бірақ бұл құрылысқа Қызыл-Сеңгір мен Боралдай ауылының халқы үзілді-кесілді қарсы. Ауыл тұрғындары су қоймасы салынады дегенді естіп, аумақты күн де торуылдап жүр. Өйткені мұнда жер астындағы су деңгейі жоғары. Ал жоба жүзеге асса тасқын судың астында қаламыз ба деп алаңдайды.

Даниярбек Қалмырзаев, Қызыл-сеңгір ауылының тұрғыны:

- Боралдай өзені табиғатқа өте сезімтал. Екі күн жаңбыр жауса таудан өте қатты су келеді. Ал қысты күні қар еріген кезде секундына 500 текше метрге дейін су келеді. Мұндай суды ұстап тұру халқы тығыз орналасқан жерге өте қауіпті.

Одан бөлек тіршілігі ауыл шаруашылығына байланған халық жайылым жерден айрылып қаламыз ба деп қорқады. Өйткені жаңа нысанның - ені 2 шақырым, ұзындығы 5 шақырым жерге жоспарланған.

Әмір Сапарбекұлы, Боралдай ауылының тұрғыны:

- Бұлар келіп, әр жерді тесіп анализдерінің бәрін алып жатыр ғой. Көктемде алған биыл тағы алды. Біздің мына екі ортада 7 км жерде шабындық жер бар, ормандық жер бар соның бәрі кетейін деп тұр. Біздің ауылда жұмыс жоқ. Осы жерде малымыз жайылады. Сонда біз шөпті қайдан аламыз, малымыз қайда жайылады!? Сонда біз көшеміз ба не!?

Ауыл халқы одан да Боралдай өзенінің арнасын бетондап, су көзін үнемдеп жұмсау керек,- дейді. Әйтпесе өзен суының 35 %-тен астамы жерге сіңіп, шығынға ұшырап жатқанын айтады. Ал су қоймасын салуға еш уақытта келісім бермейміз деп бекініп отыр.

Авторлары: Нұрсұлтан Мұхамеджан, Нұрмахан Бекмұратов