Достық кеден бекетінде электронды кезек іске қосылды

Қазақ-қытай шекарасындағы Достық кеден бекетінде электронды кезек іске қосылды. Автоматтандырылған жүйені отандастарымыз ойлап тауып, нақты іс жүзінде жүзеге асырды.

Жоба «Qoldau.kz» платформасымен «CargoRuqsat» мобильді қосымшасы негізінде жұмыс істейді. Тың бастама жүк тасымалы кезіндегі ашықтықты қамтамасыз етіп, елдің транзиттік әлеуетін арттыру мақсатында қолға алынды. 

«Достық» кеден бекетіндегі қанатқақты жобаны іске қосу үшін оның авторлары да арнайы келді. Олар жүргізушілерге бағдарламаның қалай жұмыс істейтінін түсіндіріп берді. Электронды кезекке тұру үшін алдымен мобильді қосымшаны смартфонға жүктеп алып, тіркелу керек. 

Қайрат Сұлтанбеков, компания өкілі:  

-Жүйеде жүргізуші іздеуде емес пе? Салыққа берешегі, төленбеген айыппұлы бар ма жоқ па сонысы тексеріледі. Көлік жайлы да бар мәлімет жинақталады. Сол арқылы біз қызметкерлердің  ықпал ету мүмкіндігін азайтамыз. Яғни кеден бекетінен толық тексерілген жүргізуші мен жүк көлігі өтеді.

Электронды кезек енгізілгенге дейін жүргізушілер жергілікті әкімдіктің рұқсат құжатымен шекарадан өтетін. Оны алу үшін оларға бірнеше күннен бастап апталап тосуына тура келетін. Жаңа жүйе тасымалдаушыларды қағазбастылықтан арылтса да оған қатысты пікір әртүрлі. 

Ербол Әлімбеков, көлік жүргізуші :

- Бізге электронды вариант келмейді мына жаққа. Одан да бізге СКЛ   қытайдан полный списогі келеді. сонымен Қытайға кіріп груздарды жеткіземіз. Солай жасалған выгодно. Электронды вариант деген келмейді.

Максим Чурбаков, Ресей азаматы:

- Электронды кезек болса тәртіп болады. Әр адам өзі қашан кіретінін біледі. Оңай болады. Бұл жерде мәселе электронды кезекке ғана байланысты емес, жүкті жіберушіге, логистикамен айналысатындарға және өзге де факторлар әсер етеді. Жалпы айтқанда бастаманың тиімді екені айдан анық.

Қаржы министрлігінің өкілдері шекара шебіндегі мәселенің бәрі ретке келтірілетінін айтты. Өйткені Достықта арнайы топ жұмыс істеп жатыр. Олар кеден қызметі, шекарашылар мен өзге де құзырлы органдардың өзара іс әрекетін пысықтап, көлік өткізу үрдісін бірізділікке түсірмек. 

Ғабит Оразов, ҚР Қаржы министрлігі МКК басқарма басшысының орынбасары:

- 2560 автокөлік тіркелді мобильді қосымша арқылы. Әрине жүргізушілер тарапынан түсініспеушіліктер болуы мүмкін. Бірақ ол бойынша шекара қызметі бар мемлекеттік кірістер департаменті қызметкерлері әкімшілік қызметкерлерімен бірлесіп түсіндіру жұмыстарын жүргізіп жатырмыз. Бұл электронды жүйе толық автоматтандырылған. Және оның салдарынан адами факторлар алынып тасталып салдарынан жемқорлықтың таралу жолдарына тосқауыл қойылады деп есептейміз.

Достықта мыңнан аса жүк көлігі тұр. Олардың жүз шақтысы күн сайын шекарадан өтеді. Электронды жүйе толық іске қосылғаннан кейін барыс-келіс жиілеп, кезекте тұрған көлік саны азая түседі,- дейді жауаптылар.

Авторлары: Гүлнәр Жантасова, Шыңғыс Қалиден, Қуаныш Түргенбаев