Елдегі көпбалалы аналардың үштен бірі Түркістан облысында тұрады

Сондықтан бұл өңірде көпбалалы отбасыларды қолдау жайы өзекті. Ал Өскеменде спорт нысандарының қажеттілігі байқалады. «Ұлттық құрылтай» тележобасында жекелеген өңірлердегі осындай мәселелер талқыланып, оны шешу жолдары туралы айтылды.

Түркістан облысында 2 млн 141 мың халық болса, соның 173 мыңы – көпбалалы ана. Елімізде дүние есігін ашатын әрбір жетінші сәби осы өңірге тиесілі. Сондықтан мұнда әлеуметтік жағдайға ерекше назар аударуды қажет етеді. Бұл ретте халық арасында табысты әділ бөлу, оның ішінде Президенттің «Ұлттық қор – балаларға» атты бастамасы көптің көңілінен шығып отыр.

Дана Байжан, облыстық Жұмыспен қамтуды үйлестіру басқармасының бас маманы:

- Басқа санаттарға қарағанда көпбалалы аналарға бірінші кезекте тұрғын үй беріледі. Биыл облыста 200 үй көпбалалы анаға берілді. Бұдан бөлек жер, мүлік және автокөлік салығынан босатылған.

Маңғыстау облысында әлеуметтік кәсіпкерлік тақырыбында тренинг өтіп жатыр. Ол жерде Астанадан келген мамандар  жаңа жұмыс орындарын ашып, басқаларға көмек-қолдау көрсеткен бизнес өкілдеріне қандай жеңілдіктер қарастырылатындығын айтты. Ұлттық Құрылтай барысында биыл күшіне енген «Әлеуметтік кәсіпкерлік» заңы аясында еңбекпен қамту мәселесі сөз болды.

Эмин Әскеров, Ұлттық құрылтай мүшесі:

- Батыстағы мемлекеттерде әлуеметтік әкіспкерлік саласы ел экономикасының маңызды бөлігіне айналды. Мәселен, АҚШ-та 168 мың әлеуметтік кәсіпкер бар. Олар 15 млн мүгедек адамға жұмыс беріп отыр. Осындай заң жобасы еліміңзде 1 қаңтарда күшіне енді. Бейресми мәліметтерге сүйенсек, Қазақстанда осы санаттағы бизнес өкілдерінің саны 600-дей. Олар мемлекетке әлеуметтік мәселедер бойынша түскен жүктемені жеңілдетеді деген сенім бар.

Құрылтай аясында көптеген әлеуметтік мәселелер талқыланып, кейбірі өз шешімін тапты. Мәселен, Шығыс Қазақстан облысында бірнеше спорт нысандарының қажеттілігі туралы айтылды. Бұл ұсыныс әкімшілік тарапынан қолдау тауыпты.  

Денис Рыпаков, Ұлттық құрылтай мүшесі:

- Қатон-Қарағайда бассейінімен дене шынықтыру сауықтыру кешенінің құрылысы жүргізіліп жатыр. Үлкен Нарында тұрғындарға, балаларға арналып көпбейінді бассейін салынады.

Ал Риддер қаласын шаңғы спортының шағын отаны дейді. Жергілікті 50 мыңдай халықтың 1,5 астамы осы спорт түрімен айналысады. Сондықтан мұнда шаңғы-роллер тасжолын салу туралы көптен айтылып жүр. Құрылтайда көтерілген бұл мәселенің да оң шешімі табылып, жақында құрылыс басталатындығы айтылды. 

Авторлары: Мағауия Қалиев Вячеслав Ветлугин, Тамара Степанова, Жандос Жұмабек