Семейдегі ықшам аудан халқы аязда бүрсең қағып отыр

Семейдегі Қарағайлы ықшам ауданының тұрғындары «қатты аяз болғалы үйіміз суып кетті» деп, редакциямызға шағымданды.

Олар мемлекеттік бағдарламамен салынған су жаңа баспаналардағы жылу қысымының төмендігіне қапалы. Ал қаланы жылумен қамтамасыз ететін «Теплокомунэнерго» мекемесі өкілдерінің бұған айтар өз уәжі бар. 

Қатты аяздан үйлері қаңырап кеткен семейліктердің барлығын осы сұрақ мазалап жүр қазір. Ал сақылдаған сары аязға қарамай есік алдына шығып мұңдарын шаққан бұл Қарағайлы ықшам ауданындағы 29 үйдің тұрғындары.    

Бақыт Нұрғазина, қала тұрғыны:

- Жер үй сияқты қабат-қабат киініп отырамыз, кішкентай балалары бар үйлер қайтеді? 

Динара Авкурова, қала тұрғыны:

- Біздің үй мынадай суық болмайтын. Биыл ерекше суық. Жылу берілмей жатыр. Батареялер салқын. Үш күн болды жылытқыш тұр. Плитканы да қосып қойдық.

Бұл Қарағайлыда «Бақытты отбасы» бағдарламасымен былтыр ғана пайдалануға берілген жаңа үйде тұратын көп балалы ана Қарлығаш Қожанбаеваның шаңырағы. Көріп тұрғандарыңыздай, үйдің қабырғасы жарылып кеткен. Оның айтуынша, баспанасының аңырап кетуіне берілетін жылудың аздығы ғана емес, мердігер компанияның салғырттығы себеп. 

Қарлығаш Қожанбаева, қала тұрғыны:

- Мүлдем суып кетті. Көріп  тұрсыз ғой, қалың киіммен тұрмын. Сұмдық болды. Аяққа суық соғады. Балалар үйде қалай тоңады. Ақшаны үнемдеді ме, білмейміз. Осы үйдің сантехнигі мына батареялар ештеңеге көмектеспейді деді. 

Осы ықшам аудандағы кейбір үйлердің мердігер компанияның салғырттығынан суып кеткенін арнайы құрылған жұмыс тобы да анықтады. Қазір қаланы жылумен қамтамасыз ететін «Теплокомунэнерго» мекемесі жылу жүйелеріне тексеріс жүргізіп жатыр. Тексеріс барысында мердігер компанияның өз міндетін толық атқармағаны белгілі болды. 

Николай Слонов, мердігер компания өкілі:

- Біз екінші циркуляциялық сорғы мен жылу ауыстырғыш құрылғыны қостық. Енді мәселе болмайды деп ойлаймыз. 

Қарағайлы ықшам ауданына №3 аудандық қазандық қызмет көрсетеді. Бұл қазандық бұдан бөлек 6 мыңға жуық тұрғынды жылумен қамтамасыз етеді. «Осы жағдай қазандыққа салмақ салуы мүмкін» дейді «Теплокоммунэнерго» басшысы.   

Серік Төленбергенов, "Теплокоммунэнерго" МКК басшысы:

- РК 3 қазандығынан қосылып тұр бұл ықшам ауданға. Жуықта бұл ауданға екі қазандық салуды жоспарлап отырмыз. Сонда үлкен жылу орталығы салынғанға дейін мәселе болмайды.

Мәселе болмау үшін қазір қаладағы екі бірдей қазандықтың қуаттылығын 60 гигаколорияға ұлғайту жоспарланып отыр. Бұл Семей қаласын дамытудың кешенді жоспарына да енген. Ал шаһарда жаңа жылу орталығы 5 жылдан кейін салынуы мүмкін. 

Семейден Азамат Қасым, Берік Жобалайұлы

Сондай-ақ...