Елімізге Амур жолбарыстары әкелінеді

Елімізге 4 амур жолбарысы әкелінеді.

Жыртқыш аңдар Ресейдің Қиыр Шығысынан алдағы екі жыл ішінде жеткізіледі. Жоба  сирек кездесетін аңдарды көбейтуге арналған бағдарлама аясында жүзеге  асырылады. Бұл Іле-Балқаш табиғи резерватының аумағында тұқымы жойылып кеткен Тұран жолбарысының популяциясын қалпына келтіруге септігін тигізбек. 

Іле-Балқаш резерватындағы Бұхар бұғыларының саны тағы 5 басқа көбейді. Оның барлығы  Алматы облысындағы Қарашеңгел аңшылық шаруашылығынан әкелініп, өсіріліп жатыр. Бұғы алдымен климатқа бейімделу үшін жарты жылдай арнайы қоршалған аумақта болады. Содан кейін ғана табиғатқа жіберіледі. Тұран жолбарысының  азық қоры осы бұхар бұғысы мен тоғай маралы. Себебі түз тағысын жерсіндіру үшін алдымен оның жейтін аңын көбейтіп алу керек. Бұл жұмыстар жолбарысты қайта түлету үшін жасалып жатыр. Десе де, бұхар  бұғысының өзі де Қызыл кітапқа енген.

Данияр Тұрғамбаев, ҚР ЭГТРМ ОШ және жануарлар дүниесі комитеті төрағасының орынбасары:

- Биыл қыркүйек айында Ресейдің Владивосток қаласында өткен жолбарысты сақтап қалуға арналған  форумда екі тарап осы жыртқыш аңды  бұрын мекендеген жеріне қайтару туралы меморандумға қол қойды. Енді біздің  мамандар тәжірибе алмасу үшін сол елге барады. Қолға алған шаруамыз оңынан болса, алғашқы түз тағысы Қазақстанға 2005 жылы әкелінеді. 

Жолбарыстарды жерсіндіру жобасына 415 мың гектар жер бөлінген.

Резерваттың құрамына Балқаш пен Қараой сияқты қорғалатын екі  аумақ кіреді. Табиғаты қатал. Қысы суық,  жазы аптап ыстық болып келеді. Амур жолбарысына мұндай ауа райы таңсық емес. Өйткені мыңдаған жылдар бойы Қиыр Шығыстың қатал климатына бейімделген. Қазір жолбарысты қайта жерсіндіру жобасы экожүйені қалпына келтіру сатысында жүріп жатыр. 

Бірінші кезекте Бұхар бұғысының популяциясы құрылып, 150-ге жетті. Биыл «Алтынемел»  ұлттық паркінен 60 құлан әкелінді. Болашақта жабайы қабан, елік, марал, қарақұйрық және құлан саны да арта түспек. Болжам бойынша бір жолбарыс жылына алпыс бас жануар жейді. 

Григорий Мазманянц, WWF Орталық Азия бағдарламасының директоры:

- Ресей тарапы  4 жолбарысты көшіруге дайын.  Ресейдің жыртқыш аңдарды сақтап қалуға қатысты, жалпы оның тұқымын көбейту ісінде тәжірибесі мол. Сондықтан, осында жерсініп кету үшін тұқымы жақсы жолбарыстарын береді деген ойдамыз. Бұл Тұран жолбарысын түлетуге бастама болады. 

Жобаны жүзеге асыру барысында  кедергілер жоқ емес. Ең бірінші қауіп браконьерлер. Қазір резерватты 94 инспектор күзетеді. Бірнеше кардон құрылған. Мұнда жолбарыс пайда болатындықтан бақылау күшейтілген.

Аяқасты шыққан өрт пен аң-жауарлардың жұқпалы аурулары да  кері әсерін тигізіп жатады. Жолбарысты бұрын мекендеген жеріне қайтару жобасы 35 жылға арналған. Егер бәрі сәтімен болса, 2050 жылға қарай елімізді 180-ге жуық Тұран жолбарысы мекендейді.  

Қарлығаш Қайыпбекова, Григорий Беденко, Кенже Амраев