Астананың суық «жылы аялдамалары». LIVE

Жыл сайын астаналықтарды аяздан, жаңбыр мен желден қорғайтын жылы аялдамалар көбейіп келеді. 

Қазір олардың саны 180. Алайда жабық павильондардың бәрі жылы емес. Бұл әсіресе аяз қысқанда бірден байқалады. Қазір әріптесім Ғазиза Мұхамеджанова астанадағы жолаушылармен бірге автобус күтіп тұр. Ғазиза, қайырлы таң. Жылы деп жүрген аялдамалар аязды күндері қалай екен?

Мен қазір астананың сол жағалауындағы Сығанақ көшесінің бойында тұрмын. Бұл Шығыс тұрғын үй кешені деген аялдама. Қазір елордалықтардың көбі жұмысқа, сабаққа бару үшін автобус күтіп тұр. Байқасаңыздар, таңертең әдеттегідей адам көп. Бүгін астанада минус 20 градус. Бұл солтүстіктегілер үшін үйреншікті болғанымен аяз сезіледі. Тіпті жылы аялдаманың ішіне кірсең де тоңасың, үйткені павильонда жылу жоқ. Сөзіме дәлел ретінде осында тұрған адамдарды сөзге тартып көрейік. 

Кеше ғана қала Астана қаласының әкімдігі кейбір жабық аялдамаларға неге жылу берілмейтінін түсіндірді. Қазіргі уақытта елордада барлығы 180-нен астам жылы аялдама бар. Соның 23-і биыл қойылды. Астана қаласының Көлік және жол-көлік инфрақұрылымын дамыту басқармасының айтуынша, мердігер ұйым оларды электр қуатына қосып жатыр. Жыл соңына дейін мердігер осы павильондардың барлығын жылумен қамтамасыз етуге міндеттеледі.  Сондай-ақ басқарма елорда тұрғындары мен қонақтарынан бұған түсіністікпен қарауды сұрады. Бұл мәселе жыл соңына дейін шешілуі тиіс деді әкімдіктегілер. 

2015 жылдан бастап астанада жылы аялдамалар орнатылды. Елордалықтар қақаған қыста, қатты аяздарда тоңбауы үшін жаңа павильондар қойылды.Бүгінде елордадағы жылы аялдамалар астана қаласы әкімдігінің балансында. Бірақ осы жылы аялдамаларды күтіп ұстауға арнайы компаниялар жауап береді дейді әкімдік. "Олар павильондардың жай-күйін, зақымдалған есік, орындық, терезелерді жөндеу және сырлау жұмыстарын жүргізеді. Жабық аялдамаларды аптасына кемінде екі рет тазалайды. Айта кетейік. 2021 жылы Жергілікті бюджеттен шамамен 74 млн теңге бөлінді". 

Ресми деректерге сүйенсек, мұндай «жылы» аялдаманың орташа құны 13-тен 15 миллион теңгеге дейін жетеді. Бірақ әлеуметтік желідегі жазбаларға қарағанда көпшілігінің күтімі нашар. Жылу жоқ. Оның іші сырттағыдай суық болса,  қыруар қаржы далаға кетті ме? Деген заңды сұрақ туындайды. Әзірге белгіміз. Енді әкімдік уәдесін орындап, жыл аяғына дейін жылы аялдамалардың жұмысын ретке келтіреді деген үміттеміз. Ар жағында екі үш айда қыс та бітеді.