Алматыдағы Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығына 90 жыл толды

Алматыдағы Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығына 90 жыл.

Осы жылдар аралығында орталықтың білікті мамандары балалар денсаулығын сақтау мен нығайту, оларға сапалы медициналық қызмет көрсетуді ұйымдастыру, балаларды емдеу мен диагностикалауда алдыңғы қатарлы технологияларды меңгеруде талмай еңбектеніп келеді. Ғасырға жуық уақытта жеткен жетістік те, көңіл толар нәтиже де аз емес.

Алматыдағы Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығының қабырғасы 1932 жылы қаланған. Бүгінде білікті мамандары, қуатты материалдық базасы қалыптасқан, заманауи медициналық технологияларды қолданатын ғылыми орталық тек емдеу ісімен ғана емес, маман дайындаумен айналысады. 

Гүлнар Абдилова, педиатриялық бөлімнің жетекшісі:

- Орталықтың ерекшелігі педиатрия мен хирургияның біріктірілуі. Бүгінгі таңда орталық қабырғасында 150-ден астам сәтті трансплантация жасалды. Бұрын өліммен аяқталатын аурулардан балалар айығып,  бүгінде өмір сүріп жатыр, өмір сүру сапасы жақсы. 

Былтырдан бері орталық дәрігерлері көздің ісік ауруына ерекше емдеу тәсілін қолданып келеді. Бұл ауру көз жанарын толықтай жауып, баланы көру қабілетінен айырып қана қоймай, асқынған жағдайда көздің алмасын алып тастауға дейін баруы мүмкін. Алайда, Қазақстанда ғана емес, Орталық Азия бойынша алғаш рет қолға алынған заманауи әдістің арқасында ісікті тоқтатуға мүмкіндік бар, дейді дәрігерлер. 

Абай Құсайынов, педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығының басқарма басшысы:

- Ретинобластомасы бар балаларға селективті интра артериальды химиялық терапия қолданылады. Осы тәсілдің арқасында бұл балалардың емделу нәтижесі 90 пайызға жоғары жағдайда сол баланың осы ісік процесі тоқталып, баланың көзінің қайтадан көру қабілеті орнына келетін жағдай да болып жатыр. Бұл бір жыл ішінде 14 балаға жасалды осындай операция.

Аты жаман остеосаркома ауруынан бүгінге дейін 80 бала айығыпты. Буынға жасалған операцияның арқасында кішкентай пациенттер ержетіп, бүгінде ел қатарлы еңбек етіп жүр. Бұдан бөлек, Педиатрия жəне балалар хирургиясы ғылыми орталығында дамудың туа біткен ақауын, қан ауруларын, қатерлі ісікті, тыныс алу және ас қорыту жолдарының ауруларын әлемдік стандарттарға сай емдейді.

Гүлжан Көленқызы, Әбен Нарымбаев