ЕО мен БҰҰ елімізбен төтенше жағдай саласын талқылады

Орталық Азия, Еуропалық Одақ және БҰҰ өкілдері климаттың өзгеруі және табиғи апаттар қауіпін бәсеңдетуге арналған жобаны жүзеге асыруды талқылады.

Жобаға алғашқы үш жылда 3 миллион 750 мың еуро бөлу қарастырылған. Қаражат сумен жабдықтау, ауылшаруашылық саласы, энергетика, қауіпсіздік және денсаулық сақтауға жұмсалады.

Серік Әубәкіров, Төтенше жағдайлар және табиғи апаттар қауіпін азайту орталығы директорының орынбасары:

- Біз Еуропалық Одақтың ең алдымен инвестиция мәселесіне көңіл бөлгенін қалаймыз. Бірлескен жобаларды жүзеге асыру бойынша іс-шараларды ұйымдастыру үшін қаражат керек. Төтенше жағдайлар кезінде гуманитарлық көмек көрсететін үйлестіру орталығын құратын кез келді. Себебі байланыс пен ақпараттың жоқтығынан төтенше жағдайлармен күрес бойынша қызметтер, билік және гуманитарлық көмек көрсетушілер арасында жиі түсінбеушілік туады.

Тери Хакала, ЕО-ның Орталық Азия бойынша арнайы өкілі:

- Қазақстан бұл салада үлкен роль атқаратыны сөзсіз. Өйткені Төтенше жағдайлар мен табиғи апаттар қауіпін азайту бойынша орталық Алматыда орналасқан. Менің ойымша сіздің мемлекетіңіз қабылдаушы әрі аймақтағы үйлестіруші ел ретінде өзіне алған міндеттерді өте жақсы орындап келеді. Біз бүгін орталықтың соңғы 6 жылда қол жеткізген жетістіктерін естідік. Көп жұмыс атқарылған.