Өскеменде жылы аялдамалардың аздығы жұрттың жүйкесін жұқартты

Өскемендіктер қақаған аязда қоғамдық көлікті сағаттап күтеді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Өйткені күн суытқалы автобустардың жүруінен тұруы көп. Қазір қалада небары 20 шақты жылы аялдама бар екен. Бұл жолаушылар үшін өте аз дейді тұрғындар.

Өскемендегі аялдамалардың сиқы осындай. Тоңып қалған тұрғындардың оларды таспаға түсіріп таратудан басқа амалы жоқ. Биліктегілер бұл сорақылықты көрсе, кемшілікті тездетіп жөндесе, дейді. Қатты аязда автобустар да жиі істен шығып, кестеден қиыс кететін кезі көбейген. Жылы аялдамалардың жоқтығы да жұрттың жүйкесін əбден жұқартты.

«Қала билігі өзекті мәселемен жақсы таныс. Желіде тараған видеоларды да көріп-біліп отыр. Бірақ, жылытылатын аялдама тым қымбатқа түседі», - дейді мамандар. Мəселен бір павильонның құны бір бөлмелі пəтерге жуықтайды екен. Бұған дейін Петропавл мен Оралда осындай əр аялдама үшін бюджеттен 15 млн теңге жұмсалғаны мəлім. Өскемен билігі де бұл мақсатқа қаржы бөлмек ниетте.

Ержан Ибраев, Қалалық жолаушылар көлігі жəне автомобиль жолдары бөлімінің сектор меңгерушісі:

- Əкімдіктің сайтында қай жерлерде жылы аялдама орнату  бойынша сауалнама жүргізіп жатырмыз. Кейін тұрғындардың талап-тілегін сараптай отырып тағы бір жылы аялдаманы іске қосамыз.

Ал автобус жетіп болмай аялдамада жаураған жұртты жеңіл көлік тізгіндегендер мінгізіп алып кетіп жатыр. «Бұған түсіністік танытып, артық адам тиегендерді əкімшілік жауапкершілікке тартпаймыз»,– дейді полиция.