Көкшетауда «Aqmola Power» атты инновация және жаңа технологиялар байқауы өтті

Шараға қатысқан 30-дан аса өнертапқыш өздерінің энергетика, экология, ақпараттық технология бойынша озық жобалаларын ұсынды, деп хабарлайды «Хабар 24».  

Олардың еңбектерін сарапшылар мен инвесторлар бағалап, үздіктерді анықтады.

Мақсат Талғат – байқаудың ең жас қатысушысы. Ол қайта өңделген пластиктен қосалқы бөлшектер жасаудың жолын ойлап тапты. Өнертапқыш бала 3Д принтердің көмегімен құтының қақпағын ойыншық ұшаққа айналдырды.

Мақсат Талғат, байқауға қатысушы:

- Біз бұл флексті тік экструдерге толтырып, филомент деген жіп аламыз. Одан қосалқы бөлшектерге түрлі пішіндер басып шығаруға болады.

Жас өнертапқыштар қазылар алқасына сан алуан жобалар ұсынды. Бірі - ағаш өңдеу станоктарын ойлап тапса, енді бірі - Көкшетаудың Қопа көліне су электр станциясын салуды көздейді. 

Адият Рахметуллин, байқауға қатысушы:

- Біріншіден, біздің аймағымызда жел жеткілікті түрде соғады. Және де толқындар жиі кездеседі. Орта есеппен осы жобаға 5 млн теңгедей ақша керек. Егер де біз осы жобаны асырсақ онда ол орта есеппен бір ғасыр жұмыс істей алады.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, «AqmolaPower» - бұл жай ғана байқау емес, инновациялық алаң. Жас зерттеушілер мұнда жобаларын жүзеге асыру үшін инвестор таба алады.

Мансия Есекеева, Облыстық жастар ресурстық орталығының жетекшісі:

- Әрбір өзінің инновациялық идеясы жобасы бар жастар арасында бұл байқауды ұйымдастырамыз. Әрбір жас, студент болсын осы байқауды күтеді. Біз осы жерге кәсіпкерлерді шақырдық. Осы жобаны әрі қарай өздеріне пайдалануға алу үшін және бұл жобаларды іске асыру үшін арнайы мамандарды шақырған болатынбыз.

Байқау қорытындысы бойынша, 4 жеңімпазға 250 мың теңгеден грант беріледі. Бұл оларға жоба бастауға демеуқаржы болмақ.