Қазақстанда 60 мың бала аутизм дерті бойынша тіркеуде тұр

Қазақстанда 60 мың бала аутизм дерті бойынша тіркеуде тұр. Бұл ресми мәлімет. Бірақ көрсеткіш бұдан көп болуы мүмкін, деп хабарлайды «Хабар 24».

Өйткені сыры беймәлім дертті дер кезінде анықтау кенже қалып келеді. Алматыда өткен «Аутизм. Жаңа мүмкіндіктер» атты халықаралық конференцияда ғалымдар мен педагог-психологтар аутизмге шалдыққан балалармен жұмыс істеудегі озық әдістемелерді ортаға салды. Сөз алған сарапшылардың қатарында АҚШ-тың Адельфи университетінің профессоры Стивен Шор бар. Бала кезінен аутизм дертімен ауыратын ол өз өміріндегі қиындықтармен бөлісті.

Стивен Шор, Адельфи университетінің профессоры:

- Мен үшін ең қиыны – ерекше сезімталдық. Өте қатты жарыққа сезімталдығым жоғары. Күнделікті өмірде одан қашып құтыла алмайсың. Сондықтан мен жарықтан қорғану үшін үнемі қалпақ киіп жүремін. Бұл сән үшін емес, ол - қоршаған ортаға бейімделуге көмектесетін құрал.

Әлемде 80 млн адам аутизмнің азабын тартып келеді. Ал Қазақстан бұл дертке осыдан 10 жыл бұрын ғана назар аударып, ерекше балалармен жұмыс жүргізіле бастады. Бүгінде елімізде 11 аутизм орталығы бар. Онда 200-ден астам маман өз әлемі бар ерекше балаларды ортаға қосу үшін еңбек етіп келеді. «Халықаралық әдістемелерге негізделген арнайы бағдарламалар бойынша аутист балалардың өмірлік, әлеуметтік дағдыларын қалыптастыруға болады», - дейді мамандар. Ең бастысы - ерте диагностикалау.

Альмира Калимова, Аутизм орталығының жетекшісі:

- Баланың айналасымен қарым-қатынас жасағысы келмеуі аурудың бірінші белгісі. Сондай-ақ бала зер салмаса, есімін атағанда қарамаса ата-аналар оған мән беруі керек. Тек ойыншық ойнаумен шектелсе, қабырғадан қабырғаға жүгірсе, эмоциясын көрсетпесе, мұны дабыл деп қабылдау керек. Мұндай қылықтарды баланың бойынан 1,5-2 жасында аңғаруға болады. Егер осындай белгілер байқалса, мамандарға жүгінген дұрыс.