Астанада жылы аялдамалар мәселесі шешіледі

Жыр болған жылы аялдамаларға жыл аяғына дейін жылу қосылады, деп хабарлайды «Хабар 24».  

Атап айтқанда, бүгін біздің арна тілшілері көрсеткен Астанадағы "Меркурий" және "Шығыс" тұрғын үй кешендеріндегі аялдамалар бір аптаның ішінде жөнделеді. Есіл ауданы әкімдігі осылай деп уәде берді.

Астаналықтарды жаңбыр мен жел, аяздан қорғайтын жылы аялдамалар көбейіп келеді. Қазіргі саны 180. Алайда жабық павильондардың арасында толыққанды жұмыс істемей тұрғандары да бар. Атап айтсақ, Есіл мен Байқоңыр аудандарында 8, ал Сарыарқа ауданында екеуі толлыққанды жабдықталмаған. Бұл аудан әкімдіктері жыл аяғына дейін мәселені шешеміз деп уәде берді.

Еркін Махамбетов, Есіл ауданы әкімдігінің өндірістік-техникалық бөлімінің бас маманы:

- Есіл ауданында 51 жылы аялдама бар. Соның 31-і аппараттың балансында. Бүгінде 20 аялдама толыққанды жұмыс істеп тұр. Қалғаны жақын арада жөнделеді. "Шығыс" және "Меркурий" тұрғын үй кешендері деген аялдамаларына 5 желтоқсанға дейін жылу мен жарық қосылады.

Жылы аялдамаларды күтіп ұстауға аудан әкімдіктері жауапты. Бірақ арасында инвесторлардың бақылауындағы нысандар да бар. Сондай-ақ бұзақылардың салдарынан есік терезесі сынып, қоқысқа толатын аялдамалардың барын да ескеру керек. Мысалы, Есіл ауданында осындай нысандарға биыл 10 рет жөндеу жүргізген. Ал Байқоңыр ауданы вандализммен бейнекамералар арқылы күреспек.

Тоқтар Хасенов, Байқоңыр ауданы аппаратының инфрақұрылым бөлімінің басшысы:

- Кей кезде болады, жарық сөніп қалады. Ол жарық алдыңғыгүні сөніп қалған. ТЭЦ деген аялдама бар. Жас балалар соған кіріп, ішін шұқылаған. Сол себептен апат болған. Сондай шағымдар көп болады. Сол проблемаларды шешу үшін Байқоңыр ауданының әкімшілігі бүкіл камераларды онлайн режимге көшіріп жатырмыз.

Шаһарда биыл тағы 23 жылы аялдама қойылды. Әзірге олар толлыққанды жұмыс істеп тұрған жоқ. Бірақ жыл аяғына дейін бұл аялдамаларға жарық пен жылу беріліп, пайдалануға беріледі дейді жауаптылар.