Қаңтар оқиғасында әскериді көлікпен басқан адам сотталды

Қаңтар оқиғасында әскери қызметшіні көлікпен басып кеткен қызылордалық 17 жылға сотталды.

Ағымдағы жылдың 5 қаңтар күні сотталушы жаппай тәртіпсіздікке қатысып, әскерилерге қарсы күш қолданған. «КамАЗ» әскери көлігін тартып алған айыпталушы газ педалін кірпішпен тіреп, шегініп жатқан сарбаздар сапына бағыттап, өзі көліктен секіріп түскен. Ауыр техника астында қалған әскери қызметші оқиға орнында көз жұмған. Сотталушының кінәсі куәлардің айғақтары мен қылмыстық іс материалдарына тіркелген бейнежазбалар және сот-медициналық сараптама қорытындысымен дәлелденді. Ал терроризм  эпизоды бойынша сотталушы ақталды. Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.

Думан Әлиев, мамандандырылған ауданаралық сот судьясы:

- ҚК 58-бабы 4-бөлігіне сай жазаларды ішінара қосу арқылы түпкілікті 17 жылға бас бостандығынан айырылсын. Жазасын қылмыстық атқару жүйесінің қауіпсіздігі барынша жоғары мекемелерінде өтеу белгіленсін. Күзетпен ұстау түріндегі бұлтартпау шарасы өзгеріссіз қалдырылып, жаза өтеу мерзімі 2022 жылдың 9 қаңтарынан бастап есептелсін.