Теңге тазы мен төбетті сақтап қалуға сеп бола ма?

Қазақы ит тұқымының генофонды нашарлап барады.

Еліміздің көп аймағында тазы мен төбеттің толық жойылу қаупі бар. Оның негізгі себебі генетикалық ғылыми зерттеулердің болмауы, сондай-ақ мемлекеттік қолдаудың жоқтығы. Мәжіліс депутаты Әмірхан Рақымжанов осылай деп мәлімдеді. Депутаттар қазақы ит тұқымын сақтау және өсімін молайту мәселелері бойынша заң жобасын әзірледі. Алдағы жылы бұл бағытқа 1,4 млрд теңге бөлу көзделген. Алдымен, қазақы ит тұқымын зерттейтін ұлттық орталық құрылады. Онда жануардың шығу тегі туралы куәлік, бірыңғай стандарт әзірленеді. Сондай-ақ, таза тұқымды иттерді өсірумен айналысатын жеке және заңды тұлғаларға мемлекеттік қолдау көрсетіледі. Уәкілетті орган құрылып, құзіреті бекітіледі. 

Аманжол Әлтай, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

- Егер тарихқа назар салсаңыздар кешегі қиын кезеңдерде 32, 37 жылдары бір тазы бір ауылды асыраған оқиғалар аз болмаған. Ауыл шаруашылығында, қой шаруашылығын дамытуда  қазақы төбеттің пайдасы зор болады. Құстың қос қанатындай, домбыраның екі шегіндей, қазақ үшін қастерлі қазақтың төбеті мен тазысын дамыту – оның әрі қарай тектік асылдығын, тазалығын сақтау біз үшін маңызды деп есептеймін. 

Әмірхан Рахымжанов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

- Бұл орталықтың жұмысы – төртінші ұрпаққа дейін таза шығарып, болашақта қазақтың тазы және төбеттер осылай іріктелетін болады. Біздің заңды түрде халықаралық деңгейде осы қазақи тазы мен төбетті тіркеу үшін және біздің бренд ретінде болу үшін бұған кинологиялық бірлестік үлкен жұмыс жасайды.