Ақмола облысында отынның екі айлық қоры сатып алынған

Биыл Ақмола облысында жылыту маусымына 8 млрд теңгеден астам ақша бөлінді.

Бұл қаржыға қыс алдында қазандықтар мен жылу электрстанциялары дайындалып, көмір мен мазуттың екі айлық қоры сатып алынды.

Бурабай ауданының жылу мамандары биылғы қысқа мықтап дайындалған. Үш қазандық уақытында жөнделіп, көмекші қондырғылар жаңартылды. Отын қоры да жеткілікті. Ал, нысанның қуаттылығын арттыру үшін шетелден алынған жаңа қазандық іске қосылды. 

Виктор Бахмут, коммуналдық кәсіпорынның директоры:

- Резервте Қазақстанда жасалған тағы бір қазандық пен «Висмант» қазандығы тұр. Бұл дегеніміз қосымша қуат қоры бар деген сөз. Қазір үйлерге жылу 73 градуспен беріліп жатыр. Яғни ғимарат ішінде 24 -26 градус жылы. 

Жылумен жабдықтаудың сапасын тұрғын үй – коммуналдық шаруашылығы бөлімдерінің мамандары тексереді. Олар әлеуметтік нысандар мен пәтерлердің температуралық режимін өлшейді. Егер желілерден ақау шықса, дереу жөндеуге кіріседі. Жергілікті билік өкілдерінің айтуынша, биылдыққа ондай күрделі апаттар болмаған.

Біржан Әбдірахманов, облыстық ТҮКШ және энергетика басқармасы басшысының орынбасары:

- Бүгінгі таңда жылыту маусымында олқылықтар болады дегенге негіз жоқ.Барлық қазандықтар штатты режимде жұмыс істеп тұр. Кәсіпорындар қажетті отын қорымен қамтылған. Аудандық №2 қазандықта 50 мың тонна, Степногорсктағы жылу электр орталығында 170 мың тоннасы бар. 

Өңірдегі мамандар қазандықтың қосалқы агрегаттары мен жылу желілеріне көп көңіл бөледі. Олардың техникалық жағдайы аязды күндері тұрғындарды жылумен үздіксіз қамтуға мүмкіндік береді. 

Айдарбек Айтмұхамбетұлы, Аслан Әбутәліпов, Виктор Полянный