Атырау облысы Құрманғазы ауданының сегіз ауылында жол жоқ

Аудандағы ауылішілік 260 шақырым жолдың тек 80 шақырымына ғана жол төселіпті.

Бұл мәселе құрманғазылықтардың бас ауруына айналған. Тұрғындар батпақ кешіп, діттеген жеріне әзер жетіп жүр.

Тас жолға зар боп отырған елдімекендердің бірі Көптоғай ауылы. Қиғаш өзенінің бойында орналасқан аядай ауылда 1200-ге жуық тұрғын бар. Ауыл адамдарының аудан орталығына қатынауы да қиындау. Өзеннен пароммен өтеді. Оның үстіне жолдың жоқтығы да жаңбырлы күні әбден әбігерге салады. 

Қайыржан Өтепов, Көптоғай ауылының тұрғыны:

- Паромнан бермен қарай қара батпақты жер, қызыл сазды жер. Ал шамалы жаңбыр жауғанның өзінде жеңіл көліктер жүре алмайды. Үлкен көліктер бізде жоқ көп енді. Трактор олар жүреді енді, жеңіл көліктер жүре алмайды, тұралап қалады. Сосын қыста қар қалың түскенде, оны күрейтін автогрейдер жоқ.

Жауаптылардың сөзінше, бесжылдық жоспарға сәйкес, 2025 жылға дейін Қиғаш, Көптоғай ауылдық округтеріне автомобиль жолы мен тротуар салу көзделген. Бірақ құжат сараптамадан өтіп, оған қаражат бөлгенге дейін ауыл тұрғындары әлі де күтуі керек. 

Бауыржан Нұрланұлы, Көптоғай ауылдық округінің әкімі:

- Алты көшемізге жол салынса деген үмітіміз бар. Бұйырса, 2025 жылға ЖСҚ жасақтауға жоспарға еніп отыр. Қазіргі мына қара жолымызды ауданда ЖКХ бөлімі, жылына 4-5 рет келіп, күреп, автогрейдермен күреп беріп кетеді. Жауын-шашынның алдында, жауын-шашын жауғаннан кейін. 

Қазір Нұржау, Орлы, Хиуаз, Ақкөл ауылдарында әрқайсысы 10 шақырым болатын ішкі жолдардың құрылысы жүріп жатыр. 

Шынболат Мусин, Құрманғазы аудандық ТҮКШ, жолаушылар көлігі, автомобиль жолдары бөлімінің басшысы:

- Биыл тек қана Нұржау ауылы бойынша жол нысанын қабылдауды жоспарлап отырмыз. Келесі жылға Орлы, Хиуаз, Ақкөл ауылдарының жол құрылыстарын, ауылішілік жол құрылыстарын аяқтау жоспарланып отыр, 2023 жылға. 8 ауылда жол жүргізілмеген. Жобасы дайын қазіргі уақытта тек енді, біреуінің жобасы дайын. Қалғандары енді мемлекеттік сараптамаға ұсыну үшін, тек қана сол қалпы тұр. 

Жергілікті әкімдік түйткілді түйіннің шешімін тез арада табамыз деп отыр. Ал тұрғындардың оған сенгісі жоқ. Тақтайдай тегіс жол төселгенге дейін құрманғазылықтар қара батпақ кешуге мәжбүр. 

Асланбек Шығыр, Амантай Мәтенов, Жандос Рахметуллин