Шымкентте 1500-ден астам адам иммун тапшылығы вирусына шалдыққан

Шымкентте 1500-ден астам адам иммун тапшылығы вирусына шалдыққан, деп хабарлайды «Хабар 24».

Оның 150-ге жуығы 2006 жылдың жазында дәрігерлердің салғыттығынан жаппай ВИЧ инфекциясын жұқтырған. Арада 16 жыл өтті. Бірақ әлі де елдің есінен шыға қойған жоқ. Сол жылдары аурухана бөлімінде сырқаттанған сәбилер, бүгінде оқуын тәмамдап, түрлі маман иесі атанды. Аймақтағы әріптесім Нұрсұлтан Мұхамеджан солардың бірін сөзге тартып, тілдесіп қайтты.

Осыдан 16 жыл бұрын ВИЧ індетін жұқтырған жүздеген баланың бірі – Қайрат. Қазір 24 жаста. Жоғары оқу орнын тәмамдап, психолог мамандығын меңгеріп шықты. Мемлекеттік бағдарламамен арнайы орталыққа жұмысқа орналасып, өзі сияқты дертке душар болғандарға көмек көрсетіп жүр. Бірақ қоғам әлі де үрке қарайды деп қынжылады. Сондықтан бауырларына зияны тимес үшін жүзін көрсетпеуімізді өтінді.

Қайрат, қала тұрғыны:

- Қазіргі қоғамда қорқу өте көп. ВИЧ СПИД-тің қандай вирус екенін кейбір достарыма айтамын. Ал олар қандай ауру екенін білмейді. Не екенін білмей, қорқады. Ол қалай жұғады? Қанша жыл өмір сүресің? деген сияқты сұрақтар өте көп туындайды. Оның бәрін түсіндіріп жатасың. Қазір енді ешқандай қиындық жоқ. Байланыстамыз, тығыз қарым-қатынастамыз. Олар көмек сұрап, мәселелерін жазады. Көмектесуге тырысамын.

Ал Қайраттың анасы ұлының статусын ашып айтуға тартынады. Себебі өзін де сол жағдайдан кейін күйеуі тастап кетіпті. Сондықтан дертпен күрісіп жүрген баласын қоғамнан шеттетіліп қалмауын тілейді.

Айнұр, қала тұрғыны:

- Ол кезде барлығы жақсы, толық отбасы болатынбыз. Түсінбеушілік болды. Қазір сол түсінбеушіліктен ата-енем үйден кетіңіз деп айтты. Сол кезде кеткенбіз. Содан бері өзіміз тұрамыз. Енді бұл диагнозбен өмір сүру күрес қой. Өзінің әкесі, өзінің атасы, апасы түсінбегеннен кейін мен ешкім түсінбейді деп ойлаймын. Балаларға мүмкіндігінше мықты болып, ең бастысы аман болсын деп тілеймін.

Жұқпалы инфекцияның таралуын жіті түсіндіргенде ғана қоғамды үйретуге болады. Өткені вирустың жұғуы айтарлықтай төмендеді. Ұдайы қолданылатын арнайы дәрі-дәрмектің нәтижесінде өлім жағдайы азайып, ВИЧ-ке шалдыққандардан дені сау бала дүниеге келіп жатыр. «ЖИТС-тен балаларды қорғау» қорының өкілі осылай, – дейді.

Жаннета Жазықбаева, «ЖИТС-тен балаларды қорғау» қайырымдылық қоғамдық қорының президенті:

- Алдыңғы қатарлы балалардың өзі әке атанып, 4 бала-шағасы бар. Қазіргі медицинада алға жүрген жетістіктерінің бірі – ол ВИЧ-ке шалдыққан адамдардан дүниеге сау балалардың келуі. Яғни ата-анасы ВИЧ болса да уақытында дәрісін ішсе, дені сау балалар келеді. Қазіргі таңда ВИЧ-ке шалдыққан балалардан 16 дүниеге келген қыз баламыз бар. Барлығы сау.

Шымкентте иммун тапшылығы вирусына шалдыққан 177 бала тіркеуде тұр. Оларды тегін дәрі-дәрмекпен қамтып, қажетті психологиялық кеңес беру жағы жоспарлы түрде жүргізіледі. Мамандар жыл соңына дейін 39 жеткіншектің статусын ашқалы отыр.

Инна Глазебная, Денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары:

- Ағымдағы жылы бюджеттен 249 млн теңге бөлінді. Бұл қаражат балаларды дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етуге, оңалту шараларын жүргізуге жұмсалады. Одан бөлек медициналық-әлеуметтік көмек пен тегін тестілеуден өтуіне бағытталған. 

Шымкентте демеушілер есебінен бүлдіршіндерді қолдау шараларын жүргізіп жүрген үкіметтік емес ұйымдар: "Арнайы мемлекеттік бағдарлама жолға қойылса екен", – дейді. Себебі қоғам арасында түсіндірме жұмыстары кенжелеп қалды. Одан бөлек ВИЧ вирусын жұқтырғандардың құқығы шектеліп, жұмысқа орналасуы қиындай түскенін алға тартып отыр.

Сондай-ақ...