Ақтөбе облысында ауыл шаруашылығы дамып жатыр

Бұған дейін түрлі мемлекеттік мекемелерде еңбек еткен Советхан Байманов осыдан 4 жыл бұрын жеке шаруашылық ашып, мал өсіруді қолға алған.

Алғашында 15 ірі қарадан бастапты. Санаулы жыл ішінде түлік саны жүзден асып, жергілікті әкімдік 800 гектар жер берген. Аграрлық несие корпорациясы болса 30 млн теңге бөліп, асыл тұқымды қалмақ сиырын жеткізіпті.

Су жаңа техниканы сатып алуға да қаржы институты қолдау көрсеткен. Маусымында мал азығын әзірлегеннен бөлек, тіпті күнделікті жұмыста да таптырмас көмекшіге айналған. 

Советхан Байманов, «Әмина» шаруа қожалығының директоры:

- Техника келгелі, былайша айтқанда көп жұмыста мына трактор атқарады ғой. Бұрын 5 адам жүрсек те үлгермейміз, қазір мына бір техникамен он адамның да жұмысын істеп жатыр ғой. Балаларымыздың болашағы үшін мал басын көбейтпесек не істейміз сонда? Сол үшін жұмыс істеп жүрміз.

Аграрлық несие корпорациясы ұсынған бағдарламалар бизнес иелері арасында сұранысқа ие. Себебі төмендетілген несие мөлшері кәсібін дөңгелетуге қолайлы. Сондықтан жыл басынан бері өңірдегі 670 шаруа қожалығынан өтініш түсіп, қолдау тапты.

Нұрлан Қосмағамбетов, «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ АОФ директорының орынбасары: 

- «Әмина» шаруа қожалығы біздің көмегімізбен мал басын көбейтіп қана қоймай, оған қажетті азықты дайындап алды. Қазір қысқа тас-түйін дайын.

Биыл ақтөбелік ірілі-ұсақты шаруалар Аграрлық несие корпорациясы арқылы 13 млрд теңгеден астам қаржы алды. Ауыл кәсіпкерлерін қолдау жұмысы жалғасады. Қаржы институтының өңірдегі мамандары алдағы көктемгі науқанға қызу кіріскен.

Авторлары: Мансұр Есқожин, Болатбек Молдағалиев