Қостанайлық тасымалдаушылар субсидияға зәру

Қостанайлық тасымалдаушылар төрт миллиард теңгедей субсидияға зәру.

Қаражат автобус парктерінің шығынын жабуға жұмсалуы тиіс. Себебі қазіргі белгіленген жол ақысы нақты тарифті өтеуге жетпейді. Оның үстіне қаладағы қоғамдық көлікте жүру құны жүз теңгеге дейін қымбаттамақ.

Облыс орталығында қоғамдық көліктер 39 бағыт бойынша қатынайды. 34-і әлеуметтік көлік құралы есебінде тұр. Былтыр қалалық әкімдік соларға жеңілдік жасау мақсатында шығындарын субсидиялауға келісім берген. Бірақ қазына қаражаты дәл қазіргі жүру ақысын өтеуге қауқарсыз.

Алмат Ысмағұлов, қала әкімінің орынбасары:

- Былтыр тасымалдаушыларға мемлекеттік көмек ретінде 1 млрд 244 млн теңге бөлінді. Бұл өтінімдердің 40 процентін жабуға жетті. Ал биыл тасымалдаушылардың қолына қажетті соманың 60 проценті тиді. Неге десеңіз, жылда бұл салаға бюджеттен ақша жетпей жатады.

Бұрын тасымалдаушылар демеуқаржы есебінде үш миллиард теңге сұрайтын. Алайда бұл сома барлық шығынды жабуға жетпейді. Сол себепті оның көлемін ұлғайтуға тура келді.

Нұрдәулет Бейсенов, қалалық ТҮКШ бөлімінің сектор меңгерушісі:

- Келер жылға әлеуметтік көлік құралдарын субсидиялауға 4 млрд 46 млн теңге қажет. Өтінімді облыстық бюджетке жолдадық. Бірақ біз керекті соманың 60 процентіне иелік еттік. Демек  барлық тасымалдаушының өтінішін қанағаттандыру мүмкін болмай тұр.

Жалпы Қостанайда жол ақысы соңғы рет бес жыл бұрын көтерілген. Сол кезде 60 теңгеден 80 теңгеге қымбаттады. Одан кейін тарифті өсіруге жолданған өтініштерді мәслихат депутаттары мақұлданған жоқ.

Юрий Панасенко, тасымалдаушы компания директорының орынбасары:

- Министрліктің бұйрығына сәйкес жанар май мен қосалқы бөлшектердің бағасы, айлық есептік көрсеткіштің көлемі өскенде жолақы тарифін өзгертуге өтініш беруге болады. Қазір бір жолаушының автобуста жүру ақысының өзіндік құны 150 теңге. Ал біз 80 теңгеден тасымалдаймыз.

Ақшадан тарыққан тасымалдаушылар техникалық паркін жаңарта  алмай отыр. Автобустардың 70 проценті тозған. Ескі көліктерді жөндеуге қажет қосалқы бөлшектердің де бағасы аспандап тұр. Билік өкілдерінің айтуынша кәсіпкерлерге керек соманы толық өтеу үшін бюджеттен қосымша қаржы сұраған. Бұл сұрақ мәслихаттың алдағы сессиясында қаралуы тиіс.

Данияр Сұлтанұлы, Ермек Мұхамедияров