Қызылорда облысында тұрмыстық тұрғыда аса ауыр екі қылмыс жасалды

Биыл Қызылорда облысында тұрмыстық жанжал салдарынан 2 аса ауыр қылмыс жасалды.

Жәбірленуші әйелдердің бірі қайтыс болса, енді бірі мүгедек болып қалды. Жалпы жыл басынан бері отбасындағы кикілжің бойынша полицияға 3 мыңнан астам хабарлама түскен. Ерлі-зайыптылар арасындағы келіспеушілік негізінен спирттік ішімдік, қызғаныш және әлеуметтік жетіспеушілік салдарынан туындайды екен. Зорлық-зомбылық деректерінің көбеюіне байланысты тәртіп сақшылары шаңырақ шырқын бұзуға бейім 2 мыңдай тұрғынның үйін аралап шықты. Одан бөлек халық көп шоғырланатын нысандарда қоғамдық қабылдау өткізіп, түсіндірме жұмыстарын жүргізді. Құқық қорғаушылар қыз-келіншектерді үйде болатын күш қолдану әрекеттерін жасырмауға шақырады. Егер де отбасында теперіш көріп жүрген адам полицияға арызданса, жәбірленуші бір айға профилактикалық қорғауға алынады.        

Светлана Баймағанбетова, ЖПҚБ Әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау тобының аға инспекторы:

- Егер де ол қайталанса, бір айдың ішінде 73-баппен отбасы тұрмыстық қарым-қатынастар саласында әкімшілік хаттама толтырылып, сотқа өткіземіз. ҚР ҚК 107-бабы бойынша жеңіл түрде дене жарақатын салу бойынша 7 тұлғаға қатысты қылмыстық іс қозғалды.