Қызылорда облысында ерекше жандар марапатталды

Мүгедектік өмірден түңілуге себеп емес. Бұған қызылордалық мүмкіндігі шектеулі жандардың ілкімді істері мен жарқын жүздері дәлел, деп хабарлайды «Хабар 24».   

3-желтоқсан халықаралық мүгедектер күні қарсаңында тағдырдың сынына қарамастан түрлі салада белсенділік танытып жүрген тұрғындар марапат төрінен көрінді.

Мұқалмас жігері арқасында отбасын, өнерді және жеке кәсібін ұршықша үйіріп отырған ерекше жандар Сыр сахнасын думанға бөледі. 

Қызылорда облысында 30 мыңнан астам мүмкіндігі шектеулі жан бар. Оның 5 мыңдайы бала. Ерекше қамқорлықты қажет ететін тұрғындарға барынша қолайлы жағдай жасауға арналған өңірде 5 жылдық бағдарлама қабылданған. Соның аясында мүгедек кісілердің еркін кіріп-шығуы үшін биыл 277 нысанға бейімдеу жұмыстары жүргізілді. 32 инвотаксидің үздіксіз қатынауына жергілікті бюджеттен 75 млн теңге қаралған. Одан бөлек арнайы тасымалға ыңғайлы жаңа қоғамдық көліктер алынып жатыр.      

Нұрымбет Сақтағанов, облыс әкімінің орынбасары:

- Мұқалмас жігерлеріңізге бас иеміз. Әрдайым сіздерге қолдан келгенше барлық жағдайды жасау біздің асыл парыз, міндетіміз. Әр қазағым жалғызым демекші бізге әрбір адам қымбат. Әр адамның өмірі шын мәнінде баға жетпес байлық. Сондықтан сіздер мен біздер болып, бірге жұмыс жасауымыз керек.

Шиелілік Тамара Ақмағамбетова 6 жылдан бері арбаға таңылса да мұқалмас жігері арқасында тігін цехын ашты. Көнерген құс жастық, көрпе-төсекті жаңалаумен айналысатын зейнеткер өзінен бөлек тағы 3 мүгедек жанға жұмыс беріп отыр.   

Тамара Ақмағамбетова, кәсіпкер:

- Өмірден түңілуге болмайды. Не қолым, не аяғым істемейтін жатқан адам едім ғой. Міне мен әр жылы облыс әкімдерінен осындай марапаттарға ие болып жатырмын. Қолым да істеп жатыр. Адамдарға жұмыс беріп жатырмын. Мен біттім демеу керек. Алға қойған мақсатқа жету керек. 

Жалпы мүгедектерді жұмыспен қамту мақсатында үкіметтік емес ұйымдарға 37 млн теңге бағытталған. Алдағы уақытта қолдау шаралары арта түспек.