Қостанай облысында автокөлік салығынан жалтарған 12 адам қамауға алынды

Қостанай облысында автокөлік салығынан жалтарған 12 адам қамауға алынды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Сот орындаушылары отыз күндік ескертуге құлақ аспағандарға осындай қатаң жаза қолдана бастады. Жалпы Қостанай облысы бойынша алты мыңнан астам көлік иесі салық төлеуді созбаққа салып жүр. Олардың қарызы 100 млн тенгеден асады. Қазір берешегі барлардың банк картасы жаппай бұғатталып жатыр. Төлеп болмайынша жалақысын ала алмайды және шетелге шыға алмайды. Жыл басынан бері салық қарызын уақытылы өтемеген 19 борышкер әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Ал бір адамға іздеу жарияланды.

Шынар Мұқанова, облыстық Мемлекеттік кірістер департаментінің басқарма басшысы:

- Оның жол талғамайтын көлігі үшін салық қарызы 4 млн тенгеден астам. Сот орындаушылары көлікті тәркілеп, айып тұрағына  қойды. Ал иесіне іздеу жарияланды. Яғни заң аясында мәжбүрлі түрде өндіріп алудың осындай шарасы қолданылды.