Алматыда сейсмикалық жаттығулар өтті

Алматыда сейсмикалық жаттығулар өтті, деп хабарлайды «Хабар 24».  

Жергілікті уақыт бойынша сағат 11:00-де дабыл қағылып, ірі сауда орталықтары мен мекемелердегі барлық адамдар қауіпсіз аймаққа шығарылды. Мұндағы мақсат тұрғындардың төтенше жағдайлар кезінде дұрыс іс-әрекетке дайындығын арттыру. Сейсмикалық жаттығуға Төтенше жағдайлар министрлігінің  аумақтық бөлімшелері қатысып, жер сілкінісі кезінде құлаған немесе өртенген ғимараттардан  адамдарды құтқару және эвакуациялау бойынша іс-қимылдарын пысықтады. Алматы қаласы 9-10 балдық сейсмикалық қауіпті аймақта орналасқандықтан мұндай оқу-жаттығулар мемлекеттік мекемелерде  әр тоқсан сайын өтеді. 

Ерлан Әлібеков, қалалық Төтенше жағдайлар департаменті басшысының міндетін атқарушы:

- Алматыда жыл басынан бері қаланың барлық әлеуметтік нысандарында 3,5 мыңнан астам сейсмикалық жаттығу өткізілді. Жер сілкінісінен кейін халыққа көмек көрсету мақсатында қала аумағында зардап шеккен халықты қабылдайтын 384 пункт құрылды.  Мұндай қауіпсіздік алаңдары өткен жылмен салыстырғанда 1,5 есеге көбейіп отыр. Өйткені қала аумағы жылдан жылға үлкейіп барады.