ШҚО-да ауылдағы ауыз су бағасы қымбат

Валентина Григорьева зейнетақысының тең жартысын коммуналдық төлемдерге жұмсайды, , деп хабарлайды «Хабар 24».

Өйткені үйде бір шәугім шай қайнатып ішудің өзі өте қымбат. Ауыз су мұндағы үйлерге электр қуатымен жұмыс істейтін өндірістік сорғылардың көмегімен беріледі. Аязды күндері оны тоқтан ажыратуға болмайды. Себебі онсыз да апатты жағдайда тұрған құбырдағы су бірден қатып қалады. Ал есептегіш құрылғы болса, тоқты айналдыруын бір сәтке де тоқтатпайды. 

Ауыз су мұнарасы құлағаннан кейін коммуналдық тарифтер де күрт өсіп кеткен. Соның кесірінен тұрғындар нақты тұтынылған суға емес, оны өндіруге жұмсалған электр қуатына ақша төлейді.

Гүлнұр Шарифуллина, Предгорное ауылының тұрғыны:

- Прокурор бізге мұның заңсыз екенін айтты. Монополияға қарсы күрес комитететіндегілер қайда қарап отыр?! Бұл дұрыс емес қой!

Тұрғындар құдықтарды өздері күтіп ұстауға мүдделі. Оның бетін қармен жауып, жылылаған. Әйтпесе онсыз да ескіріп, тозығы жетіп тұрған ауызсу жүйесі қатып, істен шығуы мүмкін.

Ауылдық округ әкімдігіндегілер бұл жағдайды жақсы біледі. Жергілікті билік өкілдері күн жылынған соң ауылдағы үйлердің бір бөлігі басқа су мұнарасына қосылатынын айтты. Сонда ауызсу бағасы екі есеге дейін арзандайды.

Мәдина Ахатова, ауылдық округ әкімі:

- Ауыз су бағасын арзандатудың тағы бір жолы – құбыр тартып, үйлерді өзге су мұнарасына қосу. Қазір жобалық-сметалық құжаттамасы әзірленіп жатыр. Алдағы жылы бұл мәселе шешіледі.

Ресми мәліметтерге сүйенсек, қазір Шығыс Қазақстан облысы халқының 98 процентіне ауыз су үздіксіз беріліп тұр. Әрине, Предгорное ауылы бұл санатқа енбейді. Шығыс Қазақстан мен Абай облысындағы елді мекендерді орталықтандырылған ауызсумен 100 пайыз қамтамасыз ету үшін құны 16 миллиард теңге болатын 28 жоба әзірленіп, жүзеге асуы тиіс.

Ардақ Айбарұлы, Вячеслав Ветлугин, Дмитрий Пыхтин