Атырау облысында балық шаруашылығын өркендетудің 3 жылдық бағдарламасы жүзеге асырылады

Атырау облысында балық шаруашылығын өркендетудің 3 жылдық бағдарламасы жүзеге асырылады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Биыл Каспий теңізінен, Қиғаш және Жайық өзендерінен 12 мың тоннаға жуық балық ауланды. Оның 11 мың тоннасы өңделіп, алыс-жақын шетелдерге экспортталды. Бүгінде Атыраудың балығы Өзбекстан, Ресей және Израильде үлкен сұранысқа ие. Ендігі мақсат - экспорт көлемін көбейтіп, шағын шаруашылықтарды ірілендіру. Құрманғазы ауданында балық шаруашылығын өркендету үшін алдағы 2 жылда құны 3,8 млрд теңге болатын 3 жаңа инвестициялық жоба жүзеге асады.

Артур Сәдібекұлы, облыстық балық шаруашылығы басқармасының басшысы:

- Былтыр тауарлы балық шаруашылығын дамыту бағдарламасы қабылданды. Оның 80% тауарлы балық өсіруге бағытталған. Осы ретте біздер қазір Атырау облыстық әкімдігі өңірімізде тауарлы балық өсіру бойынша жұмысты қолға алдық. Қазір бізде 9 жоба дайындалып жатыр. Оның ішінде 2 үлкен жоба, қалғандары шағын. Бұл жобалар 2022-25 жылдар аралығында жүзеге асырылады деп жоспарлап отырмыз.