Абай облысында мыңнан астам бала медициналық көмек алды

Абай облысында жыл басынан бері мыңнан астам бала оңалту шараларынан өтті, деп хабарлайды «Хабар 24».

Биыл Семейдегі перзентхана жанынан екі бірдей оңалту орталығы ашылған. Тұңғыш Президент қорының қолдауымен жұмысын бастаған орталықтың бірі 3 жасқа дейінгі, екіншісі 3 жастан 18 жасқа дейінгі денсаулығында ақауы бар балаларды қабылдайды. Бір мезетте 100 адамға тегін медициналық қызмет көрсетеді. Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры өңірлік филиалының дерегінше, 2022 жылы аймақтағы оңалту шаралары үшін 2 млрд теңге бөлінген. Ал келесі жылы бұл мақсатқа 3 млрд теңге бөлу жоспарланған.

Ғалымжан Әбілов, «Әлеуметтік медициналық сақтандыру» қоры Абай облыстық филиалының директоры:

- Осы оңалту орталығында Абай облысының алыс аудандарының кішкентай балалалары 21 күн ем алады. Оңалту шарасынан өтеді. Орталық сол үшін ашылған. Себебі, ол жаққа сапалы медициналық көмек жеткізу қиын.

Жанар Қабденова, «Қамқорлық» оңалту орталығының басшысы:

- Балалар ем алғаннан кейін өздерін жақсы сезінуде. Биыл кейбір бала бір емес, 2-3 рет бізге келді. Жүрмеген балалар бірінші қадамдарын жасап жатыр. Басын ұстай алмайтын балалар басын ұстай бастады. Сөйлемейтіндері сөйлей бастады. Соған ата-аналар қуанып жатыр.