Жамбылда ауыл тұрғыны қоқысқа тасталған заттардан жұмыртқа салатын лотоктар шығарады

Жамбыл облысында ауыл тұрғыны қоқысқа тасталған заттардан жұмыртқа салатын лотоктар шығарады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Қағаз қалдықтарын кәдеге жаратқан кәсіпкер  тәулігіне 40 мың дана тауар өндіріп отыр. Әрі 21 адамды жұмыспен қамтыған. Цехтың жұмысымен аймақтағы әріптесім танысты.

Елдегі санаулы кәсіп түрін қолға алған Мейірбек Құрманбеков Жамбыл ауданының тұрғыны. Ол қағаз қалдықтарын қайта өңдеуді бірнеше ай бұрын бастаған. Аудан орталығынан 6 шақырым жерде орналасқан цех, тәулігіне 3 тонна тұрмыстық қалдықтарды өңдейді. Кәсіпкердің сөзінше, кәсіптің бұл түрін баласы Қытайда оқыған уақытында, сол жақтан тың технологияны үйреніп келген.

Мейірбек Құрманбеков, цех басқарушысы:

- Сол жақтан осы технологияны алып келді. Содан осыны соғып, өзіміздің қосатынды қосып, алатынды алып осындай шығарып жатырмыз.

Бүгінде шағын кәсіпорында 21 адам екі қолға бір күрек тапқан. Жалақылары да жаман емес, 150 мың теңге. Әрі мекеме жұмысшыларын тегін тамақпен қамтып отыр. Шағын цех тәулігіне 40 мың дана латок шығарады.

Мейірбек Құрманбеков, цех басқарушысы:

- Бұл газбен оталып, электротеньдермен ұстайды. 200 градус температурада 24 сағат тоқтамайды. Бұл пештің ерекшелігі, бұндай технологиямен Қытайда 40 метрлік. Біз өзіміз тағы 20 метр қосып, сапасы өте жақсы болып шығып жатыр. Біздікі 60 метр.

Кәсіпкер өнімін еліміздің 5 өңіріне саудалауда. Алдағы уақытта тағы бір цех ашу жоспарында бар. Енді ол сұраныстағы тауық етіне арналған бір реттік ыдыстарды өндірмек.

Бауыржан Төлендиев, Жамбыл аудандық кәсіпкерлік бөлімінің басшысы:

- Облыс көлеміндегі бірден бір иновациялық жоба десек болады. Бұл жобаға да әкімшілік тарапынан кезінде жер берілді. Басқа да қолдаулар, мынау несие бағытында қандай да банктерде қандай шарттары бар, сол бойынша сүйемелдеу жұмыстары жүргізіліп тұрады.

Ауыл азаматы қағаз қалдықтарын өңдейтін цехты толықтай өз қаржысына тұрғызған. Әлі де ойға алған тың жобалар жетерлік, - дейді. Енді мемлекеттен қолдау болады деген сенімде.