ТЖ жедел штаб өкілдері: Бүгін кешке дейін барлық үйлер жылуға қосылады

Екібастұз қаласы құдды бір құрылысы алаңына айналғандай. Коммуналдық апаттан зардап шеккен үйлердің маңайында қарқынды жұмыс жүріп жатыр, деп хабарлайды «Хабар 24».  

Жедел штаб өкілдері бүгін барлық көпқабатты үйдің жылуға қосылатынын айтты.

Жылу жүйесіндегі жарылыстан ең көп зардап шеккен Мәшһүр-Жүсіп көшесіндегі үйлер. Жөндеу бригадалары әр үйдің жанында жұмыс істеп жатыр. Тұрғындардың айтуынша бұл көшедегі 46-шы үй бос қалған. Халықтың жылусыз қалғанына бүгін 8-ші күн.       

Телжан Келібаев,үй иесі:

- Біз бір апта баламның үйінде қонып жатырмыз. Мына үй бос, подъездің бәрі бос. Ешкім қонбайды. Шамды өшірді, жылытқыш тоқ пештер істемейді.             

Бұл Мәшһүр-Жүсіп көшесіндегі 46-шы үй. Жылусыз отырғандарына бір аптадан асты. Қазір үйде батарейлер ауыстырылып, жылу біртіндеп беріліп жатыр. Бірақта сол апаттың салдарын жою үшін ұзақ уақыт және де қаржы керек дейді тұрғындар. Өйткені қазіргі осы бүтіндей бір үйдегі көрініс міне осындай.       

Бәтима Баяндинованың үйіндегі барлық жылу радиаторлары жарылып кеткен. Зейнеткер жұмыстың бәрі далада атқарылып жатыр. Үйге әзірге ешкім келген жоқ дейді.             

Бәтима Баяндинова, зейнеткер:            

- Барлық бөлмеде батареялар жарылып жатыр. Енді күнде звондаймыз. Ешкім трубканы алмайды. Ешкімге ештеңе керек жоқ. Әйтеуір бригада берді, бірақта жарық жоқ. Міне сағат 09:00 бригада келді жұмыс істеуге. Жарық жоқ.

Жұмыс бригадалары бұл үйге сегізінші күн дегенде келіпті. Оның өзінде жарық сөніп, батареяларды ауыстыруға кірісе алмай отыр. Далада жүрген барлық адамдарға ыстық тамақ ұйымдастырылған. От жағып жылынып жатқандар бар. 

Ал Әуезов көшесіндегі 47-ші үйдің тұрғындарына батареялар жеткізілді. Оларды орнатуға дәнекерлеуші бригадалар келді. 

Талғат Жаркеев, дәнекерлеуші:  

- Мен Астанадан келдім. Батарея ауыстырамыз. Қазір 60 батарея, одан көп болуы мүмкін. Жұмысты әлі бастаған жоқпыз. Енді батарейдің бәрін қояды, реттейді. Бүгін бастаймыз.           

Екібастұзға көмек қолын созған адамдар қатары күн санап өсіп жатыр. Бүгін Баянауыл ауданының бір топ азаматтары қаланың дәл ортасында қазан асты. Олар екі ірі қараны құрбандыққа шалған. 

Ермұхамет Ахметжанов, Баянауыл ауданының тұрғыны:

- Біз Екібастұз халқымен біргеміз деп қолдау көрсетейік деп, қол ұшымызды берейік деп сол себептен келіп отырмыз. Екібастұз қаласының қатты зардап шеккен ауданы, аумағы осы Мәшһүр-Жүсіп көшесі, дейді енді біздің білуімізше. Сол бір ыстық тамақ істейік халыққа, жұмысшыларға. Елімізден аз да болса демеу болсын деп.        

Өз кезегінде Екібастұздағы төтенше жағдайға байланысты құрылған жедел-штаб бүгін кешке дейін барлық үйлер жылуға қосылады деп ақпарат таратып жатыр. Жағымды жаңалықпен бөлісіге біз де асықпыз.