Ақтөбе облысының Қобда ауданында 58 жаңа кәсіпкерлік нысаны ашылған

Әдетте ауыл шаруашылығы саласын қамтитын өңірде бұрын-соңды болмаған қызмет түрлері  дамып жатыр. 

 Мәселен аудан орталығында алғашқы тіс емханасы жұмыс істеп тұр. Медициналық мекеме мемлекеттік бағдарлама аясында қаржылай қолдау тапқан.

Қобда ауданының тумасы Аманғос Қоңырбаев медициналық университетті тәмәмдаған соң он жылға жуық облыс орталығында еңбек еткен. Осыдан екі жыл бұрын туған ауылына оралып, өзінің кәсібін ашуды көздейді. Себебі ауылда бұған дейін тіс дәрігері болмаған. Жоспарлы емдеуді аятпағанда, жедел көмек қажет болса да тұрғындар Ақтөбеге баруға мәжбүр болатын. Ойын жүзеге асыруға дәрігер бюджет есебінен 5 млн теңге қайтарымсыз грант алып, 9 адамды жұмыспен қамтып отыр.

Аманғос Қоңырбаев, тіс дәрігері:

- Үкімет тарапынан қолдау өте жақсы. «Жол картасы 2025» сондай бағдарламамен грант алдық көмек есебінде. Соның арқасында жақсы, дұрыс аппараттар алдық жаңадан. Соны қойып қазір халыққа қызмет жасап жатырмыз.  

Биылдың өзінде кәсібін кеңейтуге 5 проценттік үстемақымен 106 қобдалық тұрғын несие рәсімдеген. Бұл қаржы аудан нарығындағы тауар саны мен қызмет түрлерін арттыруға мүмкіндік беріп отыр. Бұдан бөлек жүзден астам жаңа жұмыс орны ашылды. Жалпы өңірде 8 мыңнан астам жан шағын және орта бизнес саласында еңбек етеді.

Болат Кулов, Қобда ауданының әкімі:

- Биылғы жылдың өзінде біз 1,770 млн түрлі қаржы институттарынан несиеленген екенбіз. Мемлекеттің қолдауына келетін болса, 1,300 млн қазіргі таңда біздің кәсіпкерлер субсидия түрінде жеңілдіктерді пайдаланған екен. Сондықтан даму бар.

Мамандар шалғайдағы елді-мекендерде кәсіпкерліктің дамуына «Ауыл аманаты» бағдарламасы да айтарлықтай үлес қосады дейді. Тек Қобда ауданының өзіне биыл бұл жоба аясында 2 млрд теңге бөлінген. Пилоттық бастама болғанымен жергілікті халық игілігін көретіндігіне сенім бар. Себебі бұған дейінгі бағдарламалар да аймақта сәтті жүзеге асқан.

Күнзия Төлешова, Қобда аудандық Кәсіпкерлік бөлімінің жетекшісі:

- Биыл аудан бойынша 60 «Бастау» гранты бойынша қаржы бөлініп, жеке кәсіпкерлер өздерінің субъектілерін ашты. Оның ішінде көбісі енді мал шаруашылығына және сұлулық салонын ашуға, шағын наубайхана ашу, ойын-сауық орталықтарын ашу. Сондай субъектілерге бөлінді.

Жалпы облыс бойынша «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында 3 мыңға жуық жобаны жүзеге асыру жоспарланып отыр. Бұл бастама 12 ауданның 42 мыңнан астам тұрғынын қамтыитын болады.

Авторлары: Мансұр Есқожин, Айбек Даутов