Шығыстағы Зайсан ауданында ұлттық нақыштағы әшекей бұйымдарға сұраныс көп

Зергер Дархан Әсетхановтың алтын мен күмістен соғылған алқа, білезіктеріне қыз-келіншектердің қызығушылығы жоғары.

Зайсан қаласында тұратын зергер Дархан Әсетханов ұлттық нақыштағы әшекей бұйымдарды жасаумен айналысады. Бірнеше жыл ауылда өз шеберханасында жұмыс істеген ол кәсібін кеңейту үшін қалаға келіп, сауда үйінен бір бөлмені жалға алған.

Дархан Әсетханов, зергер:

- Тапсырыс көбінесе мойын алқаға, білезіктерге түседі. Күмісті өзім де ұсынамын. Халықтың алып келген күмісін де пайдаланамын. Тапсырыс жақсы.

Ал Көгедай ауылының тұрғыны Салауат Қабиолдиннің ат әбзелдерін жасауды кәсіп қылғанына 4-5 жылдың жүзі болған. Әсіресе шебердің қолынан шыққан ертоқымға сұраныс көп. Себебі барлық жабдықтарын өз қолымен тігеді.

Салауат Қабиолдин, шебер:

- Бір ертоқымға бір жұма уақыт кетеді. Сапалы болсын деп қолмен тігесің ғой. Тұсамыс, ноқта, жүген жасау оңай. Бір істегенде 15-20 жүген дайындап қоясың. Келген ел алып жүре береді. Үйден кеп алады. Базарға шығарып жатқаным жоқ.

Шебер жасаған дүниелерін базарға шығармаса да, Зайсанды қойып, көршілес Тарбағатай, Күршім аудандары мен Өскеменнен іздеп келіп, тапсырыс беретіндер көп. Қария қазір білгенін шәкірттеріне үйретіп жүр.

Салауат Қабиолдин, шебер

- Бір балаға үйреттім. Бір жылдай жанымда жұмыс істеді. Осы жолы грант алды. Енді кәсібін бастайды. Мықты бала.

Зайсан аудандық жұмыспен қамту орталығы мамандарының айтуынша, өңірде мемлекеттен грант алып, кәсібін бастаған жандардың қатары көбейіп келеді.

Аян Әлібеков, Зайсан аудандық Жұмыспен қамту орталығының директоры:

- Ауданның ата кәсібі мал шаруашылығы болғандықтан ірі қара өсіруге несие беріледі. Шағын кәсіппен айналысушылар бар. Ұлттық қолөнер бұйымдарын, тәтті тағамдар дайындайтын цехтар ашылуда.

Зайсан ауданында 2018 жылдан бері «Еңбек» бағдарламасымен 553 адам жалпы сомасы 325 миллион теңгенің грант алған. Ал биыл 100-ге жуық тұрғын құны 1 миллион теңгеден асатын қайтарымсыз грантқа ие болыпты.

Авторлары: Азамат Қасым, Медет Өмірханов

 

Сондай-ақ...