Көкшетау іргесіндегі Шағалы ауылының халқы жол сапасына наразы

Ақмолалық тұрғындар екі жыл бұрын жөнделген жолдың сапасына наразы.

Мәселе қашан әрі қалай  шешімін таппақ? Сала мамандары не дейді?

Бұл қала іргесінде орналасқан Шағалы ауылы. Қазіргі таңда мұнда 200-ден астам үй бар. Осыдан екі жыл бұрын ауылдағы жол жөндеу жұмыстары басталғанда жергілікті тұрғындар қатты қуанғандарын жасырмайды. Бірақ қуаныш көпке созылмапты. Оған құрылыстың аяқсыз қалғаны себеп. 

Әділхан Әлиханұлы, Шағалы ауылының тұрғыны:

- Жолымыз өте тар. Ортасына асфальт төсегесін, екі жағына тас, топырақпен кеңейтуге болатын еді. Ол жағы қарастырылмаған.

Болат Шапатов, Шағалы ауылының тұрғыны:

 Жолдың мына жиегі күзді күні бәріміз балшыққа баттық.  Бәрі саз. Жай сары топырақ төсет кетті. Қазір қыста мынаның бәрі қатып жатыр. Көктемде келіп көріңіздер.

Ал атқарушы орган өкілдері осы олқылықтар мен бұзушылықтар расталса, мердігер ұйымның оны бір жылдың көлемінде жоятынын айтты.

Владимир Кулаков, облыстық жолаушылар тасымалы және автомобиль жолдары басқармасы басшысы:

- Мұнда шарттарды мұқият қарау керек. Яғни шарт талаптарында 1 жылдан 2 жылға дейін кепілдік беріледі. Бұл жерде келісімшартқа тікелей байланысты. Тапсырыс беруші мердігермен бірлесіп осы мәселені шешуге міндетті.

Аймақта жол азабын тартып отырған жалғыз бұл ауыл ғана емес. Қоғам белсенділерінің пікірінше мұндай бірнеше елді мекен бар.  Олар жол құрылысына жемқорлықтың дендеп кіргенін айтады.  Соңғы жылдары қоғам белсенділері мен сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаменті бірқатар қылмыстың алдын алған.

Алмат Ысмағұлов, "Әділдік жолы" РҚБ облыстық филиалының директоры:

- Бізге 50-ден астам өтініш келіп түсті. Соның 10-нан астамы расталды. Біз өткен жылы жолдардың көпшілігі қанағаттанарлықсыз күйде екенін анықтадық. Сол себепті біз мердігерлерден және атқарушы органдардан жолдарды қалпына келтіруді талап еттік.

Арман Рахимов, облыстық сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі департаментінің басшысы:

- Қабылданған шаралардың нәтижесінде аталған ескертулердің барлығы 200 млн теңгеден асты. Оны тапсырыс беруші мен мердігер жойды. Біздің ақпарат бойынша құрылыс барысындағы кемшіліктертер уақытылы жойылды. Сонымен қатар жауапты лауазымды тұлғалар әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

Қос тарап алдағы уақытта да бірге жұмыс істеуге ниетті. Олар жол саласындағы жемқорлықты түбегейлі құртып, қазына қаржысын тиімді игерілуін бақылауына алатындарына сендірді.

Абзал Азаматұлы, Евгений Шинкаренко, Виктор Полянный