Қарағандыда қаңғыбас ит көбейіп барады

Қарағандыда қаңғыбас иттердің саны күн санап артып барады.

Үйір-үйір төртаяқтылардың көбеюі, көпшілікті де алаңдатып отыр. Алайда мемлекет жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы заң қабылдап, олардың көзін құртудан бас тартқан. Бұл мәселені тек ит-мысықты ұс-тайтын уақытша орындар шешуі тиіс еді. Бірақ қалада мұндай мекеме әлі күнге жоқ. Мәселенің, шешімі қандай?

Қарағандылықтардың қаңғыбас иттен тартқан зардабын күнделікті әлеуметтік желілерге жүктеген бейнелерден-ақ байқауға болады. Төртаяқтыларға деген шағым қаланың түкпір –түкпірінен келеді.

Ольга Юрковская, қоғам белсендісі:

- Бізге хабарластатын адамдар өте көп. Қала шеттерінде қала берді орталықтағы саябақ маңында топ-тобымен жүрген қаншама ит бар. Олар солардан қорқады. Тіпті балалар мектептен келе жатқан кезінде жүгіретіндері бар. Қаңғыбас иттерді ешкім қарап, зарарсыздандыру жұмыстарын жүргізіп жатқан жоқ. Салдарынан төртаяқтылар агресивті мінез танытуы мүмкін. Бұл мәселе уақытша панажайлар салу арқылы ғана шешімін табады.   

Облыста қаңғыбас ит-мысықты ұстайтын ондаған меншікті орын бар. Бұл ең ірі орталық. Бұл жерді 300-ге жуық ит мекен етеді. Алена Филатова  бұл үйді несиеге алған. Ал 300 басты тамақтандыру үшін ай-сайын кемі 1 млн теңгеден астам қаржы кетеді, деп отыр.  

Алёна Филатова, волонтёр:

- Олардың әр жарақаты біздің де жанымызды ауыртады. Олардың бізді қаншалықты жақсы көретіні көздерінен-ақ көрініп тұр. Біз осы үй жануарларынан да шексіз махаббат пен адалдықты байқаймыз.

Қараусыз иттерді атуға тиым салынған заң жобасы наурыздың басында қабылданған еді. Заң шеңберінде тек ауыр дерті бар және адамға шапқан иттер ғана өлтіріледі. Қалғандары піштіріліп, вакцина салынып қайта жіберілуі керек. Қарағандыда бұл жұмыстарды жүргізуге ниет танытқан алматылық екі компания  жұмысын дұрыс атқармағаны үшін қара тізімге енген. Сондықтан шағымға әлі де ветеринарлар шығып жүр.

Қайырбек Тұрсынбеков, облыстық ветеринария басқармасының басшысы:

- Егер қауіп төндірген, топтасқан, адамға шапқан жағдайлар болса шығып, комиссиялық тұрғыда біздің ветстанция мамандары бар, учаскелік полиция бар содан кейін өтініш беруші бар бірге жүреді. Бүгінгі күннің өзінде атуға тиым салғаннан бері 154 ит сондай жиналған, атылып көзі жойылды. 

Заң күшіне енгенімен ит-мысыққа арналған жайдың қандай болу керек екені белгісіз. Яғни нақты бір жобасы жоқ. Тек жылы , суы бар, жануарларға ыңғайлы болу керек екені мәлім.  Қарағандылық әкім бұл мәселеге қатысты әзірге уақытша әдіс тапқан.

Ермағанбет Бөлекбаев, Қарағанды қаласының әкімі:

- Біз зооқорғаушылармен бірлесіп бірқатар жұмыстар жүргізгенбіз. Нәтижесінде демеушілер есебінен үй-күйсіз жүрген жануарларға уақытша ұстау пункін салып беруді шештік. Қазір осы бағытта жұмыс жүргізіліп жатыр. 

Бұл 100 итке арналған контейнер типтес орын болады. Демеуші табылған. Тіпті учаскеде белгілі. Тек орынның нақты қашан пайдаға берілетіні белгісіз. Белгілісі осындай жайлар моноқалалар мен аудан орталықтарында да салынып, кейін олар меншікке берілетін болады. Ал Қарағандыда келер жылы ит-мысықты талапқа сай қарау үшін қазынадан 140 млн теңге бөлу жоспары бар.

Дәуренбек Бағдәулетұлы, Сайлау Игіліков, Зарина Зұлпыхар