Қарағандылықтар Екібастұзға көмек жөнелтті

Қарағандылық волонтерлер Екібастұзға гуманитарлық көмек жөнелтті.

Белсенді азаматтар әуелі әлеуметтік желі арқылы жұрттан көмек сұраған. Тек үш күннің ішінде бір миллион теңгеден астам қаржы жиналып, оған қажетті құрал-жабдықтар сатып алады. Қолындағы барымен бөлісіп жатқан жұрттың қарасы әлі де толастаған жоқ. Артық заттарын әкеліп тапсырып жатыр, дейді ұйымдастырушылар. Сонымен қатар Екібастұздағы жылу жүйесін тез-детіп қалпына келтіру үшін кеншілер шаһарынан күні кеше 70 маман көмекке аттанған болатын. Құрылысшылар мен коммуналдық мекеме жұмыскерлерінен құралған бригада, жағдай дұрысталғанға дейін жұмыс істейді. Қажетті техникамен қамтамасыз етілген. 

Сәкен Келдібаев, волонтер:

- Әлеуметтік желіде олар өздері де айтып жатыр не жетіспей жатыр және біз де көріп отырмыз немене жетпей жатқанын. Өйткені үйлерін су басып кетті, күллі дүние-мүліктер судың астында қалды, енді түсінікті ғой. Сондықтан біз шамамыз келгенше жылы киім, жылы көрпе-жастық, термос жіберіп жатырмыз көріп отырсыздар. Содан кейін электрожылытқыштарды көбірек жіберіп жатырмыз.