Алматы облысында жылусыз қалған ауылға газ берілді

Алматы облысының Мыңбаев ауылында жылусыз қалған 100-ге жуық үйге газ берілді.

Мамандардың айтуынша, алғашқы аяз түсе салысымен құбырдағы газ қысымы, төмендеп кеткен. Көгілдір отын аз болғандықтан тұрғындар уақытша көмір жағып амалдаған. 

Светлана Мұқанова осы Мыңбаев ауылында тұрады. Үйі  сондағы жаңадан бой көтерген ауданда орналасқан. Бұл тұрғын үйлер елді мекеннің сыртында салынған.  Светлананың айтуынша, суық түсе бастаған кезде мұндағы газ қысымы төмендеген.  

Светлана Мұқанова, Мыңбаев ауылының тұрғыны:

- Биыл қыс басталмай жатып, бірнеше күн бойы газдың  қысымы нашарлады. Күндіз жақсы беріліп тұрғанымен кешке қарай қысым төмендеп кетеді. Ақырын жанады. Бір тамақты 3-4 сағат пісірген кездеріміз болды.

Тұрғындар әкімдікке хабарласқан. Содан кейін ауылда жедел штаб құрылып, дереу мәселені шешу жолдары қолға алынған.

Темірлан Төлебеков, Мыңбаев ауылдық округінің әкімі:

- Бірінші сигнал әкімшілікке түсті. Группаға газ қысымы төмендеп кетті деген хабарлар келе бастады. 1944 Әкімшілік мамандарымен барып, үйлерді аралап, тексердік. Газ құбырының мамандарына жедел түрде ақпарат бердік. Ол кісілер келіп 29 күні Наурызбай ауылының шетіне ШРП дейді ғой шкаф регулировка, соны орнатып сол кезде трубада ақау анықталды.

Қазіргі уақытта жергілікті билік пен осы тұрғын үйлерді газбен қамтамасыз ететін компания бірлесіп газ қысымын қайта қалыпқа келтірді. Оған қатысты жұмыстар үш күн бойы тоқтамай жүрді. Мамандар газ қысымы ауа райының қолайсыздығына байланысты төмендеген,-дейді.

Кенжебек Шыналиев, газ компаниясының бас инженері:

- Конденсат қатып қалып, газдың өту жылдамдығы азайып содан 30-ы күні азаннан бастап жұмысты бастап кешкі сағат алты жарымда газды толығымен бердік.  Қазіргі таңда газ бәріне жеткілікті. Кешке жақын басылып қалады деген жоқ.

Мыңбаев ауылында 1300-дей адам тұрады. Ауылды газдандыру 2010 жылы жеке инвестиция есебінен басталған. Қазір жергілікті билік пен жауапты компания көгілдір отынмен қамтамасыз ету мәселесін ерекше бақылауға алған. Жалпы Алматы маңайындағы елді мекендерде миллионнан астам халық тұрады. Олар тұрғындарға  енді мұндай жағдай қайталанбайды, деп уәде беріп отыр. 

Қарлығаш Қайыпбекова, Әбен Нарымбаев