Қарағанды облысында мемлекет меншігіне 1 млн гектар жер телімі қайтарылды

Қарағанды облысында мемлекет меншігіне 1 млн гектарға жуық жер телімі қайтарылды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Нұра ауданы осы бағыттағы көшбасшылардың бірі. Ауыл тұрғындарына мал жайылымдық жер беру үшін, ондаған ірі шаруа қожалығы тиісті меморандумға қол қойған.

Қайыркен Әдікенов Қарой ауылының төл тумасы. Қазір қолда 20 басқа жуық іріқара бар. Жазда жер тапшылығынан тойынбаған малға қысқа қажетті 40 тонна шөпті шауып алу мәселесі де қиындық тудыра бастаған. Бұл ауылдағы 150-ге жуық отбасының баршасына ортақ мәселе.   

Қайыркен Әдікенов, Қарой ауылының тұрғыны: 

- Жолдан асыруға болмайды малды, мына жақта егін бар ондада шығара алмайсың. Тек мына жаққа Нұраның жигеінде жер бар, болды, сол жерде бағамыз малды.

Мал басын арттыруға ниет танытқандар көп болғанымен жайылымның жоқтығы қол байлау. Ауыл тұрғындарына 4 мың гектарға жуық жер жетпейтін еді. Мұны жергілікті серіктестік басшысы уақытша болса да беруге келіскен екен. 

Виктор Приб, дәнді дақылдар өсіретін ЖШС басшысы:

- 4 мың гектар жеріміз бар жайлаудан, сонда бағылады. Жылқы, қой бар мәселені шешіп жатырмыз. Су мәселесі мен, қашар дайындап жатырмыз мал ұстау үшін. 1700 га менікі, 400 га-ны үкімет берді бізге 4 жыл, 9 айға. Қазір ол бітіп жатыр, арыз жазып қайта аламыз соны.

Жылқы мәселесі шешілген. Оларды қыс қыстақ, жаз жайлауда баға беруге болады. Бірақ қолдағы малдың мәселесі қиын. Себебі оны ауыл маңына бағып, кешке сауып, сүтін пайдаға айналдырып отырғандар бар.

Сағындық Әбенов, Қарой ауылының әкімі:

- Жайылым жер 790 гектар, өте аз болу себебі біздің ауыл шөп, азық дайындауға арналған. Суармалы жерлер болған совет үкіметінде, қазір ол жоқ, егістікке айналды. Сол себепті жайылым жері азайды.

Фермерлердің айтуынша, көпжылдық шөптің бір тонна тұқымы жарты миллион теңге тұрады. Тұрғындардың жайылымдарды өз күшімен қалыпқа келтіруге шамасы жетпейді. Сондықтан үкімет тарапынан қолдау болса дейді.

Данияр Алшынбаев, «Аманат» партиясы Нұра аудандық филиалының атқарушы хатшысы:

- Бюджет әкімшіліктерінің бағдарламасына бұл бағдарламаны енгізіп, Республика мен облыстан бөлінген қаржыны жергілікті жерде ауыл әкімдері өздері пайдалану керек деп есептейміз. Ол дегеніміз ауыл әкімдерінің. Өз күштерімен ауыл маңындағы жерлерді жақсартуға тырысып, ұмытылуы керек деп ойлаймыз.

Нұра ауданында мемлекет меншігіне бас аяғы 81 мың гектар жер қайтарылған. Осылайша пайдаланылатын жер телімі 55%-дан 92%-ға артқан.  Бұл Аманат партиясының жобасы. «Жер Аманаты» комиссия мүшелері ірі қожалық өкілдерімен кездесіп артық жерді мемлекетке қайтару бойынша мәмілеге келген.