Павлодардан Екібастұзға гуманитарлық көмек жөнелтілді

Павлодар қаласынан Екібастұзға гуманитарлық көмек жөнелтілді, деп хабарлайды «Хабар 24».  

«Amanat» партиясы облыстық филиалы төтенше жағдай болған күннен бері зардап шеккен халыққа қолдау көрсетіп келеді. Волонтерлік штаб құрылып, белсенділердің жұмысы ұйымдастырылды. Өзге де ұйымдардың еріктілері күннің суығына қарамастан жұмыс істеп жатыр. Екібастұздағы жылусыз қалған үйлерге 4,5 мыңнан астам жылытқыш жеткізілді, оның 2,5 мыңы еліміздің әр өңіріндегі аманаттықтардың тарапынан берілді. Олардың әрқайсысы мұқтаж отбасыларға жеткізіледі. Жөнелтілген гуманитарлық көмектің қатарында жылытқыштар, жылы көрпелер, батареялар бар. Өтінімдер орталықтандырылған түрде штаб телефондары арқылы қабылданады.

Илья Теренченко, «Amanat» партиясы облыстық филиалының атқарушы хатшысы:

- Бүгінгі күнге дейін төрт мыңнан астам жылытқыш жиналды. Көмек қолын созғандардың хатарынды біздің депутаттар, бастауыш ұйым мүшелері, үкіметтік емес ұйым өкілдері бар. волонтерлер де қолдау көрсетуде. Себебі, пәтерлерді аралағанда адам қажет. Түрлі мекенжайларда болып, халықтың өтініштерін жинадық.