Бюджеттен заңсыз аударылған 747 млн теңге қайтарылды

Шымкентте Қонаев даңғылын Ташкент тас жолымен қосу жұмыстарына бюджеттен заңсыз аударылған 747 млн теңге кері қайтарылды, деп хабарлайды «Хабар 24».  

Бұл туралы қалалық прокуратура өкілдері мәлімдеді. Қазына қаржысына қол салғандардың ісі Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаментінде тергеліп жатыр. Жобаға жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы тапсырыс берген. Серіктестік тендер арқылы жеңімпаз атанған. Екі жақты келісімшартта жол құрылысына 10 млрд теңгеден астам қаржы қаралған. Өзге ақпарат сотқа дейінгі тергеу жұмыстарына сәйкес жария етілмейді.

Ұлан Орманов, қала прокурорының аға көмекшісі:

- Экспертиза бойынша 747 млн теңге істелінбеген жұмысқа аударылған. Сондықтан қылмыстық іс қозғалды. Жалпы тергеушімен бірге біраз жұмыс атқарылды. Сол фирманың счеті арестте тұрған. Аресттен шешіп, тиісті ақшаны мемлекетке қайтару әрекеттері жасалды.