ШҚО-дағы Белоусов ауылы қар құрсауында қалды

Шығыс Қазақстан облысындағы Белоусов ауылы қар құрсауында қалды, деп хабарлайды «Хабар 24».  

Аулалар мен көшелерді ақ ұлпадан тазартуға зейнеткерлер де атсалысып жатыр. Ауылдықтар тіпті дүкендерге уақтылы азық-түлік жеткізу үшін арнайы техника жалдауға мәжбүр. Қалың қардың кесірінен жедел жәрдем көліктері жүруден қалған. Жұртшылық бұған жергілікті маңыздағы жолды күтіп ұстау міндетін алған тараздық кәсіпорынды кінәләйды. Ал бұл мердігердің өз техникасы бар-жоғын өңірдегі тілшіміз анықтап көрді.

Ауыл тұрғындары өз үйіне тек осындай жалғыз аяқ жаяу жолмен ғана жете алады. Көлікпен жүру мүмкін емес. Соның салдарынан дүкендерге азық-түлік жеткізу қиындап кеткен.     

Ауылдықтар қалың қарды өздері күреп жатыр. Бұл істен тіпті зейнет жасындағылар да шет қалмаған. «Жақын жердегі автостанцияға жаяу жету мұң», – дейді олар.  

Сейітхан Ахметжанов, Белоусов ауылының тұрғыны

- Кішкентай балалар бар, оқуға бара алмайды. Өзіміз қар жауған күні жұмыстан қаламыз, қолмен тазалап болғанша.

Наталья Зуева,  Белоусов ауылының тұрғыны:

– Өрт шықпаса екен деп тілейміз. Өйткені, мына ауылға өрт сөндірушілердің көлігі кіре алмайды. Жедел жәрдем де солай. Жақында көршімнің қан қысымы көтеріліп кеткенде дәрігерлер жете алмады. Былтыр да осындай қар болды. Бірақ уақтылы тазалап тұрған еді.  

Былтыр ауыл жолдары уақтылы тазаланып тұрды. Сол кезде жергілікті мердігер кәсіпорынға ауыл халқы дән риза болған. Биыл бұл жұмыстар Тараздық кәсіпорынға жүктеліпті. Бірақ, субмердігердің әлеуетіне ғана сенген жаңа компания өз міндетін дұрыс атқара алмай отыр.   

Татьяна Селезнёва,  Белоусов ауылының әкімі:

- Мемлекеттік сатып алуға жалғыз ғана мердігер қатысты. Ол «Жаңғыру» мүгедектердің қоғамдық бірлестігі деген тараздық кәсіпорын. Қыс басталмай жатып түрлі қиындықтарға тап болдық, өйткені бұл кезде әлі келісімшартқа қол қойылмаған еді. Техника таппаған соң Өскемен қаласынан субмердігер тауып, қазір солардың күшімен тазартып жатыр.    

Ал әкімдіктегілер мердігердің жұмысында еш кінәрат жоқ деген пікірде. Шенділердің сөзінше: «Тендер тәртібіне сай ең тиімді баға ұсынысы таңдалған. Тек қараша мен желтоқсан айларында жолды қысқы күтіп ұстау жұмысын жүргізгені үшін тараздық фирмаға 9 млн теңге төленуі тиіс. Бірақ, қазына қаржысын істелмеген жұмыс үшін жауапсыз мердігерге ұстата салған қаншалықты заңды болмақ», – дейді ашынған ауыл тұрғындары.      

Сондай-ақ...