Алматыда әскери госпитальдің ғимараты қараусыз жатыр

Алматыда қайта жаңғыртудан өтеді деген әскери госпитальдің ғимараты әлі күнге дейін қирап жатыр, деп хабарлайды «Хабар 24».  

Оның үстіне әу баста медициналық мекемеге қарасты 26 гектар жердің, бүгінде 11 гектары ғана қалған. Ауған соғысы ардагерлері, Семей полигоны және Чернобль апатынан зардап шеккендер 12 жылдан бері құзырлы органдардан қираған нысанның орнына жаңа денсаулық түзеу мекемесін салып беруді сұрап келеді.

Әскери госпитальдің бұл ғимараты 1963 жылы салынған. Ол Алатаудың баурайында, ақ қайыңның арасында, шұрайлы жерде орналасқан. 2010 жылғы жер сілкінісінен кейін Ладушкин көшесінде тұрған емдеу корпусы авариялық деп танылып, бұзылуы тиіс деген шешім шығады. Орнына жаңасы салынатыны айтылады. Бірақ содан бері 12 жыл өтіпті.  

Әуез Бейсембаев, «Kok bairaq» ардагерлер мен мүгедектер қоғамдық бірлестігінің төрағасы, ауған соғысының ардагері:
- Ауған соғысының ардагерлерінің өзі менің тағдырлас бауырларымның өзі ең жасы 53-те қазір, үлкені 70-те. Енді қазір ең мұқтаждық кезде, денсаулықты туралайтын кезде осындай 13 жылға созылып келе жатыр бұл тірлік. Біраз жылдар бұрын ол жерде «Ардагер» деген бау-бақша мекемесін ашып, ол жерде 26 гектар болған жердің қазір 11-і қалды.

15 гектар жерге қазір кім иелік етеді?  Осы сұраққа жауап алу үшін Денсаулық сақтау министрлігіне және қалалық Жер қатынастары басқармасына хабарластық. Әкімдік: Госпиталь 2006 жылы 11 гектар жерімен бірге қала меншігінен Денсаулық сақтау министрлігінің құзырына өткен. Ал, қалалық Жер қатынастары басқармасында 2006 жылға дейінгі жер телімінің аумағы өзгергені туралы ақпарат жоқ,-деп жауап берді. Ардагерлер болса мәселені тез шешпесе, қала ішіндегі 130 орындық госпитальде емделу үшін көп уақыт кезек күтуге мәжбүрміз,-дейді. 

Әуез Бейсембаев, «Kok bairaq» ардагерлер мен мүгедектер қоғамдық бірлестігінің төрағасы, ауған соғысының ардагері:
- Мен өзім ауған соғысынан келгеніме қазір 34 жыл болды. 34 жыл бітті ғой 35 жыл болып жатыр. Бірақ мәрте жаттым госпитальге. Өйткені, мен барамын, барған кезде кезек болады, күте тұрыңыз дейді.

Республика бойынша ардагерлерге арналған екі госпиталь бар. Оның бірі Астанада, екіншісі Алматыда. Екі мекемеде жылына 4 мың адам ем қабылдайды. Алайда еліміз бойынша Ауған соғысы ардагерлері, Семей полигоны және Чернобль апатынан зардап шеккендер саны 800 мыңнан асады. Сондықтан тағы бір ғимараттың қажет екені анық. 

Алмас Алтынбеков, «ҰОС Мүгедектеріне арналған республикалық клиникалық госпиталь» ШЖҚ РМК директорының міндетін атқарушы:
- 2019 жылы қаржы бөлінді және 2021 жылы тағы да қаржы бөлінді. Мемлекеттік сатып алумен ұтқан жобалаушылар жобалық-сметалық құжаттарды істей алмады. Содан кейін әрі қарай құрылыс әрине жүрмеді. 20/43- 2019 жылы 126 млн қаражат бөлінді. 2021 жылы 140 млн.

Жобалаушылар міндеттемелерін орындай алмаған соң бұл қаржы бюджетке кері қайтарылған. Бірақ Денсаулық сақтау министрлігі жаңа ғимарат құрылысына қатысты жобалау-сметалық құжаттаманы әзірлеуді 2023 жылы қайта жалғастыруды жоспарлап отырғанын мәлімдеді. Ал ардагерлер айтқан 15 гектар жер госпитальдің иелігінен қай жылы шығарылғаны әзірге белгісіз.