Халықаралық еріктілер күнінде ақтөбелік волонтерлер марапатталды

Халықаралық еріктілер күнінде ақтөбелік волонтерлардың еңбегі елеусіз қалмады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Олармен тығыз байланыста жұмыс істейтін полиция қызметкерлері белсенді жастарды құттықтап, алғыс хаттар табыс етті. Белгілі болғандай, тек биылдың өзінде еріктілердің көмегімен 700-ге жуық әкімшілік-құқықбұзушылықтың жолы кесіліп, 30-дан астам қылмыстың беті ашылған. Сондай-ақ, жоғалған 80 адам табылды. Қаланың қауіпсіздігі мен қоғамдық тәртіптің сақталуына да үлес қосып жүргендері бар. Жалпы бүгінде облыстағы 161 еріктілер тобына алты мыңнан астам адам мүше. Олар қоғамдық және қайырымдылық шараларға да белсене қатысып келеді. Кейбірі тұрмысы нашар отбасыларға қолдау көрсетуді тұрақты жолға қойған.       

Абай Жүсіпов, облыстық Полиция департаментінің басшысы:

- Еріктілермен бірге ұйымдастырылып жатқан шараларымыз өте көп. Түнгі рейдтік іс-шараларға да біздің еріктілеріміз қатысады. Рейдтік кешкі шараларға, анау патрольдік полиция қызметкерлерімен өздерінің үлестерін қосып жатыр. Еріктілердің көмегі полицияға да, халыққа да керек деп есептеймін.