Екібастұз халқы ыстық тамақпен қамтамасыз етіліп жатыр

Аязды күндері жылусыз қалған Екібастұз тұрғындары жылыту бекеттерін паналап жүр Төтенше жағдай жарияланған алғашқы күндерде қала бойынша оннан астам орталық ашылды, деп хабарлайды «Хабар 24».   

Халық ыстық тамақпен қамтамасыз етіліп жатыр. Әлеуметтік аз қамтылған топтар қонақ үйлерге орналастырылды. Мәселен мына қонақ үй 4 мыңға тарта адамды қабылдады. Қалың бұқараға көмек көрсетіп жатқан қызметкерлер келіп жатқан адамдардың саны өте көп екенін айтады.       

Әлия Бапаева, Екібастұз қаласы іскер әйелдер қауымдастығы директорының міндетін атқарушысы:                          

- Күн сайын 600 адам келеді. Таңғы, түскі, кешкі астарын әзірлеп беріп жатырмыз. Бәрі тегін. Бізге бүкіл Екібастұз өңірі, Павлодар облысы көмекке келді. Шаруа қожалықтары, жеке кәсіпкерлер демеушілік көрсетіп жатыр. Олар азық-түлік, ет, нан басқа да керек-жарақтарды әкеліп жатыр. Қазақстанның Іскер әйелдер қауымдастығы бірлесіп осынау қиын қыстау кезеңде қаржылай қолдау көрсетті. Екібастұз тұрғындары үшін жылыту құралдарын алып берді.