Жетісу облысында 1200 үй жекешелендіріледі

Жетісу облысының Достық ауылындағы қызметтік баспаналар жекешелендіріле бастады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Осылайша ұзақ жылдар бойы темір жол саласында еңбек еткен жұмысшыларға қызметтік үйлер жекеменшікке беріліп жатыр. Бұл мәселе тұрғындар үшін ең өзекті проблеманың бірі болып келген. 

Сәуле Керімқұлова темір жол саласында табан аудармастан 40 жылдай қызмет атқарды. Есепші ретінде еңбек еткен ол алғашқылардың бірі болып баспанасын жекешелендірді. 

Сәуле Керімқұлова, Достық ауылының тұрғыны:

- Екі қыз бір ұлым бар үшеуі де осы салада жұмыс істейді. Енді мен немерем де біреуі темір жол оқуын оқып жатыр ол да жұмыс істесе деп үміттенем.  Балаларым еңбегі сіңіп, бір-бір баспаналы болып балаларын жетектеп, оларды өздерінің жолымен алып жүреді деген сенімім бар.

Осыған дейін Достық станциясындағы жүзге жуық пәтер жекеменшікке берілді. Қызметтік үйін өз атына аударып жатқандардың қатарында 4 баланың әкесі Асқар Бекжановта бар.

Асқар Бекжанов, Достық ауылының тұрғыны:

- Алғашқы адамдар алып жатыр ғой. Сондықтан өткіздім документтеріміді. Алла бұйырса списокқа ілініппін. Енді жаңа жылға дейін алып қалармыз.

1956 жылы Қазақстан мен Қытай арасындағы темір жолдың салынуымен Достық ауылының іргетасы қаланды. Содан бастап әкімшілік аймақ құрылып, халық қоныстана бастаған. Қазіргі таңда шекара шебіндегі елдімекенде алты жарым мыңнан аса адам тұрады. Олар негізінен темір жол, кеден саласы және әскери бөлімшеде жұмыс істейді.

Ринат Құрмаев, Достық ауылдық округінің әкімі:

 - Достық ауылдық округінде Қазақстан Темір Жолының 1200 үйі бар. Қазіргі кезде 100 үйдің құжаттарын жекешеге аудару жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бұл жұмыстар кезең кезеңмен 2023 жылға дейін жалғасады. 2023 жылы тағы да жатақхана салынады. Соған қарамастан ауылда баспана жетіспеушілігі байқалады. Сол себепті аудан әкімшілігі несиеге берілетін үйлерді салу мақсатында инвесторлармен келіссөз жүргізіп жатыр.

Жергілікті әкімдік шекаралық ауылды дамытудың кешенді жоспарын әзірлеп жатыр. Соған сәйкес 10 га жер бөлінді. Аталған аумаққа келесі жылы инженерлік желілер тартылып үй салу жұмыстары қолға алынады. 

Авторлары: Шыңғыс Қалиден, Гүлнәр Жантасова, Қуаныш Түргенбаев