Сеул мэриясы Алматыдағы кептелісті реттеуге көмектесетін бірнеше жоба ұсынды

Бұл түйткіл Оңтүстік Корея тәжірибесі негізінде шешілуі мүмкін. Қазақстандық делегация Дүниежүзілік банктің шақыруымен Оңтүстік Кореяға барып, қоғамдық көлік пен ақылды технологиялар жұмысымен танысты,  деп хабарлайды «Хабар 24».

Қонақтар жүргізушісіз жүретін таксиге отырды. Сеул мэриясында өткен семинардың негізгі тақырыптарының бірі – Алматыдағы кептеліс мәселесін шешу болды. Әкімдік қызметкелрлердің айтуынша, Қазақстандағы ең ірі қалада жарты миллионға жуық көлік бар, бірақ басқа аймақтардан келетін машиналарды қоса есептесе, автомобильдер саны 700 мыңға жетеді. Сеул мэриясының өкілдері Алматы жолдарындағы кептеліс мәселесін шешуге болатынын айтты.

Серік Байғанин, Алматы қаласы Цифрландыру басқармасы басшысының орынбасары:

- Қалалық жерлердегі кептелістерді азайту үшін біз ақылды бағдаршам жүйесін құруды жоспарлап отырмыз. Қазір бұл жүйе 98 қиылыста жолға енгізілген датчиктерге негізделіп жұмыс істейтін бағдаршамдарды басқарып тұр. Біз басқа жүйелерді де қарастырып жатырмыз, олардың бірі - бейнекамераларды қолдану. Яғни, автомобильдерді тану жүйесі кептелістерді азайтуға көмектеседі.

Ли Джон Хен, Сеул қаласы Жобалар агенттігінің атқарушы директоры:

- Егер жолаушылар жеке көліктің орнына қоғамдық көлікті таңдаса, кептелісті азайтуға болады. Ол үшін, біз Сеулде әртүрлі инновацияларды енгіздік. Мысалы, кез-келген автобуста, метрода, таксиде жол ақысын бір картамен төлеуге болады. Әр автобустың, метро пойызының қай жерде екенін және аялдамаға қашан қашан келетінін телефон арқылы көруге болады. Біз сондай-ақ жеке автомобильдердің қалалық орталықтағы кейбір аймақтарға кіруін шектейміз. Егер мұндай саясат Алматыда енгізілсе, менің ойымша, автомобиль санын және кептелістерді азайтуға болады.