Қостанайда жаңа ауданның тұрғындары жылуға жарымай отыр

Қостанайда жаңа шағын ауданның тұрғындары жылуға жарымай отыр.

Пәтер иелерінің шағымынан кейін жылыту жүйесіндегі ақау бүгін ғана жөнделді. Бірақ қазан айынан бері қабырғасына сыз өткен баспана әлі жылымай жатыр. Пәтері азынаған жұрттың берекесі қашты. Суық тиіп аурып жатқандар көп.  Өңірдегі әріптесім тұрғындардың арыз-шағымын тыңдап қайтты.   

Сағила Жәкенова арман болған жаңа баспананы екі жыл бойы күтті. Мемлекетік бағдарламамен  салынған үйдің құрылысы созылып кеткен еді.  Бір бөлмелі пәтерге биыл жазда кірді. Бірақ суық үйде әжейдің берекесі қашты.

Сағила Жәкенова, қала тұрғыны:

- Осындай аумаққа міне үш қана батарея. Ол жылыта ма осындай аумақты? Сонда бізден қалай ақша алады шаршы метрден? Мынау мүлде жылынбайды.

Терезелерден үрлеген жел мен қатқан мұз үйреншікті көрініс, дейді Раушан Жәзитова. Электр жылытқыштан да қайыр жоқ. Үнемі күйіп кетеді. Пәтердегі ауа температурасы 10 градустан көтерілмейді. Тоңып қалмас үшін қаланың басқа бөлігіндегі туыстарының жылы үйін паналауға мәжбүр. 

Раушан Жәзитова, қала тұрғыны:

- Ыстық су мүлде жоқ. Осы күнге дейін жуына алмаймыз. Басқа жерге барып жуынамыз. Әрең дегенде жып-жылы. Солай бола ма екен тапсырғанда. Әр үйге барып қонамыз. Жатуға болмайды. 

Юбилейный ықшам ауданындағы 24-үйде ыстық су мен жылудан бөлек газ да жоқ. Тамақ дайындаудан бөлек басқа да тұрмыстық қажеттілік бар. Сондықтан коммуналдық төлем қалтаны қағады дейді тұрғындар. Көпқабатты үйдің құрылысы кезінде үш мердігер ауысқандықтан осындай кемшіліктер жіберілген. Ал жылу екі подъезге жетпей отыр. 

Сақтаған Мұстафин, қалалық тұрғын үй қатынастары бөлімінің басшысы:

- Үшінші және төртінші подъезде жылу әлсіз екені екені анықталды. Бұл ішкі жылумен қамту жүйесіндегі ақау. Себебі жылуды белгіленген норма бойынша беріп жатырмыз.

Қызмет көрсетуші компания да жылудың мардымсыздығын мойындайды. Ешқандай құбыр ашық-шашық жатқан жоқ. Қысқасы жаңа үйдің жылыту жүйесі бастапқыда сынақтан өтпеген. 

Леонид Андрющенко, қызмет көрсетуші компанияның директоры:

- Үй көптен бері тұрғандықтан құбырлары суға толып қалды. Яғни сумен қамту жүйесі ұсақ тастар мен құмға бітелген. Қазір бәрін тазартуға кірістік. Әр пәтердегі тікқұбырлардың жай-күйін тексереміз. 

Қалай дегенмен, үйдің жылытумен қамту жүйесі алдағы екі күнде ретке келтіріледі деп  уәде берді қызмет көрсетуші компанияның өкілдері. 

Данияр Сұлтанұлы, Ермек Мұхамедияров

Сондай-ақ...