Ақтаудағы көп қабатты үйлерде жылу мен ыстық су жоқ

Ақтауда кейбір шағын аудандағы көп қабатты үйлердің тұрғындары суық пәтерінде тоңып отыр.

Шарасыздықтан баспананы  электр пеш қосып жылытуға мәжбүр. Ол аздай 4 желтоқсаннан бері қала бойынша ыстық су тоқтап қалды. Коммуналдық кәсіпорын ауыз судың көлемі мен қысымын да азайтқан. Салдарынан су 2-3 қабаттан жоғары көтерілмейді. Жылудың жоқтығы білім беру мекемелерінің жұмысына да кедергі келтірді. Қазір 11 мектепте сабақ уақыты қысқартылды. Бұған жауаптылар не дейді?

Самиға Патшағұлованың айтуынша, қыста үйі жылымайды. Бала-немересі тоңбауы үшін барлық бөлмеде электр пеш қосып отыр. «Ай соңында токқа, рахатын көрмесе де жылуға ақша төлейміз. Қазір ыстық су да жоқ, ауыз су 5 қабатқа тек түнде келеді. Бар ыдысқа жинап, күндіз амалдаймыз», - дейді ол. Коммуналдық мәселе көрші үйлерге де қатысты.   

Самиға Патшағұлова, қала тұрғыны:

- Үйде 6 бала бар. Құрттай балалар бар. Келеді де бірінен соң бірі ауырады. Садикке баратыны, мектепке баратыны бар. Өзіміз де ауырып қаламыз. Бірнеше жылдан келе жатқан бұл нәрсенің шешілетін шешімін болуы керек қой. 

Бақытжан Амандықов, қала тұрғыны:

- Өткенде телевединие келіп көргеннен кейін 2-3 күн жылыды. Сосын қайта сол күйінде қалды. Жылу жоқ. Мына жаңадан салынған үйлерге насос қойған болуы керек. Сол сорып алатын шығар. Сол себепті біздің жаққа да насос салу керек сияқты.

Тұрғындар сөзінің жаны бар. Соңғы жылдары Ақтауда жаңадан ондаған шағын аудан салынды. Ал қаланы тіршілік нәрі, электр, техникалық және ыстық сумен қамтып отырған кәсіпорын қазіргі сұранысты өтеуге қауқарсыз. Мысалға айтсақ, энергокомбинат сағатына 500 гигакалорий жылу өндіре алады. Ал Ақтауға 800 гигакалорий көлемде жылу керек. Сол секілді барлық ықшам ауданды ауыз сумен қамтуға шамасы жетпейді. 

Талғат Есентүгелов, "МАЭК" ЖШС Бас директоры:

- Кәсіпорын максималды жобалық қуатында жұмыс істеп тұр. Бір мәселе, құрылысшылар жаңа үйлерді саларда бізбен келіспейді. Соның салдарын кейін тұрғындар көреді. Өйткені, ол баспаналарға жылу мен суды қосамыз. Және көрші үйлерде жылу жоғалып немесе су қысымының төмендеуі мүмкін екенін бірден ескертеміз.

Жылу жоқтығынан қаладағы 11 мектепте түске дейінгі сабақтар қысқартылды. «Бұл, уақытша амал. Бірақ, қатты аяз болған жағдайда 2-ауысымдағы дәрістер те 30 минутқа қысқарады» - дейді білім бөлімінің басшысы. Сондай-ақ 10 бөбекжай ғимаратында жылудың қысымы қалпына келтірілуде.   

Бағдат Тұрғанбаева, "Ақтау қалалық білім бөлімі" ММ басшысы:

- Мысалы, №57 «Ақбота» балабақшасында жылу қалпына келтірілді. Ауасы шығарылып, балабақша жұмысы қалпына келтіріліді. Бүгінгі таңда барлық мәселелер бақылауда тұр. ертең толықтай іске қосылады деп отырмыз. 11 мектепте таңертеңгі бірінші ауысым бойынша сабақ 30 минутқа қысқартылды. Ал балабақшаларда қалыпты деңгейде жүріп жатыр.

Талғат Исламұлы, тілші:

- Ақтауда ыстық су өткен жексенбіден бері жоқ. Мамандар орталық сумен жабдықтау нүктелерінде су деңгейі төмендеуі үшін ыстық суды өшіруге мәжбүр болған. Соңғы күндері қаланың энергокомбинаттан су қабылдау мөлшері 10-нан 16 мың текше метрге дейін артқаны байқалады. Аймақ әкімі Нұрлан Ноғаев коммуналдық қызметтер мен уәкілетті органдар жұмысын сынға алып, жауаптыларға сөгіс жариялады. Бірақ Ақтауға ыстық су толық көлемде қашан берілетіні жайлы сұрақ әзірге жауапсыз күйде қалды.

Талғат Исламұлы, Саламат Бекбаев