Алматыда жекеменшік компанияның бірі жасыл желекті отап тастады

Алматыда жекеменшік компанияның бірі жасыл желекті отап тастады, деп хабарлайды «Хабар 24».  

Оның орнына тұрғындардың қарсылығына қарамастан әкімшілік ғимарат салуды көздеп отыр. «Алматыда өзгелерге кедергі келтіретін іргелес құрылыс нысандарына шектеу қою қажет», - деген мемлекет басшысының тапсырмасы бар. Тұрғындар осыны жекеменшік компания қаперге алса екен, - дейді.    

Сквер Зейін Шашкин көшесінің бойында орналасқан. Жанында бірнеше көпқабатты тұрғын үй бар. Сонда тұрып жатқан үлкен-кіші осы жерде серуендейтін. Аумағы 20 сотыққа жуық. Осы күзде жемекеменшік компания сол жерді қоршап алған. Онымен тоқтамай астаң-кестеңін шығарып, 40-қа тарта ағашты түбімен қопарып тастаған. Жайқалып тұрған жасыл желектен қалғаны осы.

Сергей Пономарёв, қалалық мәслихаттың депутаты:

- Оның ағашты кесуге құқысы жоқ. Ағашқа зақым келтірмей, өзге жерге көшіруі тиіс еді. Экология және қоршаған орта басқармасы осылай деп отыр. Мен мұны барып тұрған заңбұзушылық деп санаймын. Компания қожайынының қолында осыдан  оншақты жыл бұрын алған жер актісі бар. Оның қалай берілгені белгісіз. Одан бері қалада 3 әкім ауысты.

Қалалық мәслихаттың депутаты Сергей Пономаревтың айтуынша, бұған қатысты қоғамдық тыңдау өтпеген. Кәсіпкер өзім білемге салып, қоршауынан ешкімді аттатпаған. Ол дәл қасында  көпқабатты әкімшілік ғимарат бар болса да, соның тағы біреуін салмақ болған.

Шалқар Қалиев, қала тұрғыны:

- 36-шы үйдің тұрғындары осы маңдағы үйдің тұрғындары бәріміз қарсымыз. Бұл жерде үлкен кісілер демалып әрі-бері жүретін. Демалыс орны болатын. Оның бәрін қазып тастады. Қалалық әкімшіліктен Медеу ауданының әкімшілігінен осы шаруаны толық қарап осы мәселенің жөнін айтып, мына құрылысты тоқтату керек.

Ирина Калмыкова, қала тұрғыны:

- Мұнда көлік ағыны көп. Тұрғын үйлердің ауласы да өте тар. Осында демалушы едік. Енді одан айырылып қалғалы отырмыз. Ағаштарды көшірдік-дейді. Көшірген деген олай болмайды. Мен ол жағын жақсы білемін. Көшіретін болса ағашты топырағымен мұқият қазып алады. Ал бұлар эксковатормен қазып, қалғанын балталап, жүк көлігіне тиеп алып кетіп жоқ қылды.

Шын мәнінде, құрылыс жүргізуге кіріспек болған тарап ағаш кесуге рұқсат алмаған. Мұны Экология және қоршаған орта басқармасы растап отыр. Соған қарамастан  40-қа жуық ағашты шауып тастапты. Шығын көлемі 1,5 млн теңге.

Нұркен Ақмырза, қалалық экология және қоршаған орта басқармасының бас маманы:

- Біз қазір полиция департаментіне хат жібердік. Келген шығын көлемін есептеп қойдық. Осыған қатысты заңды тұлғаны тиісті органдар  әкімшілік және қылмыстық жауапкершілікке тартады деген ойдамыз.

Жасыл Алматы осындай шағын гүлзарлар мен аллеядан тұрады. Сондықтан, тұрғындар бір ағашты кесуге де қарсы. Ал кейбір кәсіпкерлердің қолында көп жыл бұрын алып алған жер актісі бар. Енді жергілікті биліктің олармен келісімге келгеннен басқа амалы жоқ. Мәселе сонда ғана оң шешіледі. Тұрғындар осыдан үмітті.

Сондай-ақ...