Шымкенттік ғалымдар дәрілік өсімдіктерді фармакологияға енгізуді ұсынып отыр

Шымкенттік ғалымдар дәрілік өсімдіктерді фар­макологияға енгізуді ұсынып отыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Емдік шөптерді пайдаланып, қатерлі ісік, қант диабеті, туберкулез сынды аурулардан айығуға болады,-дейді. Ғылыми ізденіске 50 жылдық ғұмырын арнаған Тәттібек Жарқынбеков өз жобасын таныстырды. Ол Бәйдібек ауданы Қостұра тауының баурайында емдік қасиетке ие дермене жусаны сияқты 17 түрлі өсімдік түріне зерттеу жүргізген. Науқастарға арнайы рецепт бойынша емдік тұнбаларды әзірлеген. Нәтижесінде жүзден астам адамның дертіне дауа тапқанын айтады. Алайда «сирек кездесетін өсімдіктер әлемі жойылып бара жатыр», - деп қынжылады. Сондықтан шипалы шөптерді қорғауға бағытталған қорық керек деп есептейді.

Тәттібек Жарқынбеков, ғалым:

- Біздің қолымызда 130-дай адам аурудан жазылып, онкологиядан толық айығып кеткен. КТ рентгенін, анализдері арқылы ауырған кездегісі мен жазылғаннан кейінгі анализдерін дәлелдей отырып, толық жазылғанын біліп отырамыз.

Уәлихан Жұмабай, биология ғылымдарының докторы:

-  Табиғи дәрілік өсімдіктердің өсетін орнын жеке меншік қолда болуы сол дәрілік өсімдіктер қорының жойылып жатуына әкеледі. Біз оны сақтап қалу үшін мемлекет тарапынан қолдау көрсетіп, маман дайындауда жоғары оқу орындарының базасы ретінде қалыптастыру керек.