loader


Таразда сұйытылған газ тапшы

Газ құятын бекеттердің көбінде автогаз сатылмай жатыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Кейбірінде тек талонмен береді. Сұйытылған отынның тапшылығына не себеп? 

Таразда темір тұлпар тізгіндегендер 1 айдан бері автогаздың тапшы болып жатқанын айтады. Бұл мәселе соңғы 4 тәулікте өршіп кетті. Бұрын сұйытылған газды таңдап жүріп құятын жүргізушілер, қазір тапса, қуанатындай жағдайға жеткен. Оның өзінде кезекте тұрып, тек талонмен сатып алуда. 

Көлігі газбен жүретін жүргізушілер соңғы күндері газы бар бекет іздеп әлек. Себебі сұйытылған газ бірен-саранында ғана бар. Кейбірі әр көлікке шектеу қойып, 1500 теңгеге құюда.

Қыдырбай Сағидулла, қала тұрғыны:

- Бүкіл қалада газ жоқ. Бір сағаттан бері айналып, осы жерге келдік. Осы жерде бар екен. Мен қала маңында тұрамын. Жылда осы проблема ғой. Былтыр да осындай уақытта бағасын көтерді. Сол жағдайға әкелмесе болды.

Асхан Рақышев, қала тұрғыны:

- Газ өзімізден шығып жатыр. Бірақ еш жерде газ жоқ. Бәрі лимитпен. Бала-шағамызды әрине, осы көлікпен асырап жүрміз. Ең болмаса, осы газ арзан болса екен дейміз.

Мәселені облыстық Энергетика басқармасы растады. Олар сұйылтылған көгілдір отынды Ақтөбелік компания жеткізетінін мәлімдеді. "Дегенмен, тасымалдауы кешіккендіктен келеңсіздікке тап болдық", – дейді.

Мәулен Қожақов, Энергетика және ТҮКШ басқармасының бөлім басшысы:

- Бізге вагон цистерналар 10-14 күнде келуде. Сол мерзімді қысқарту бойынша әрбір мекемеге келісімшарт аясындағы бөлінген вагондарды қадағалап отыр. Біз Тараз қаласына жылдамдатып, қысқа мерзімде жөнелту бойынша бірлесіп жұмыс атқарудамыз.

Жауаптылар автогаз мәселесін екі апта ішінде шешпек. Жалпы облысқа желтоқсан айына 5 мың тонна сұйылтылған мұнай газ бөлінген. Аталған өнімді облыстағы 34 жекеменшік бекеттер сатады. 

Авторлары: Мерей Бает, Тимур Сейілхан, Руслан Ахатіллә

Сондай-ақ...