Қызылордада сыр жастарының форумы өтті

Облыс халқының 21%-і – жастар. Оларға арнап биыл облыс бюджетінен 500 млн теңге бөлінді.

Түрлі жобалар жүзеге асып жатыр. Соның бір парасы көрмеге қойылды. Аймақ басшысы оқушылар мен студенттердің жобаларымен егжей-тегжей танысып шықты. Мұнан соң, талантты жастарды қолдау шаралары кеңейе беретінін атап өтті.

Нұрлыбек Нәлібаев, облыс әкімі:

- Облыс әкімінің білім грантын қажетті жаңа мамандықтарға бағыттауды тапсырамын. Өз өңіріміздегі ірі кәсіпорындарда шетелдік жұмыс күшінен жергілікті мамандарға басымдық беріп, жастарымызды әлемнің маңдайалды оқу орындарына қайта даярлауға барлық жағдай жасауымыз қажет.

Форум аясында жастарды тұрғын үймен қамту, қоғамдық көліктердегі жол ақысын жеңілдету секілді әлеуметтік қолдаулардан бөлек, шахмат академиясын ашу, жас сәулетшілер мектебін құру, жастар жағалауын абаттандыру секілді бірқатар басымдық айқындалды. Сондай-ақ әр салада еңбегімен еленген үздік мамандар марапатталды. Солардың бірі – жүрекке мыңнан астам күрделі операция жасаған дәрігер Нұрболат Лепесов.

Нұрболат Лепесов, кардиолог дәрігер:

- Осыдан 1-2 жыл бұрын Қызылорда облысының халқын ота жасау үшін Астананың, Алматының үлкен орталықтарына квота арқылы жіберетін едік. Қазіргі таңда өзіміздің өңірде қолжетімді етіп жасап жатқан жағдайымыз бар.

Кездесуде облыс әкімі жастардың ұсыныстарын да тыңдап, бірге талқылады. 

Авторлары: Нұрлан Жақыпбеков, Әлхайдар Тұрлыханов

Сондай-ақ...